Бүгін Астана қаласында Жол қозғалысы қауіпсіздігі стратегиясын әзірлеу мәселелері бойынша жұмыс тобының сессиясы өтті. Іс-шараға ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Габдуллина қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибені ескере отырып, жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған практикалық шараларды талқылау. Жұмыс тобының сессиясына Көлік министрлігі мен Автомобиль жолдары комитетінің өкілдерінен бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Көлік прокуратурасының өкілдері қатысты.
Сессия барысында жолдардың өмірлік циклының барлық кезеңінде – жобалау мен құрылыстан бастап пайдалану кезеңіне дейін – міндетті аудит пен қауіпсіздік инспекциясын енгізу жөніндегі ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ заңнаманы жетілдіру және әрбір уәкілетті орган үшін жеке іс-қимыл жоспарларын әзірлеу мәселелері талқыланды.
Қатысушылар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша барлық ұсыныстар ескеріледі.