Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Комитет туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
27 января 2020
Жолшылар үш тәулік ішінде қар құрсауынан 2400-ден астам көлікті шығарды

Ауа райының қолайсыз жағдайы Қазақстанның бірқатар өңірінде сақталып отыр. Жол қызметтері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қозғалыс бөлігін қардан тазарту, көліктерді сүйемелдеу жұмыстарын тәулік бойғы режимде жүргізуді жалғастыруда.

Осылайша соңғы үш тәулік ішінде республиканың бар аумағында «Қазақавтожол» ЖШС күшімен 2400-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды. Ауа райының қолайсыздығы, желдің күшеюі мен жолдағы жағдайдың нашар көрінуіне орай автомобиль жолдарының 40 учаскесі қозғалыс үшін бүгінгі таңда жабық. Жолдың қозғалыс бөлігін тазарту, көліктерді сүйемелдеу және адамдарды құтқару шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда еліміздің бар аумағында техниканың 671 бірлігі жұмыс істеп жатыр.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жабылуы туралы өзекті ақпарат әлеуметтік желілердегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті  мен ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ ресми парақшаларында жарияланады. Төтенше жағдай туындаса, жүргізушілер қысқа 1403 нөміріне хабарласа алады.

Жол қызметтері автоәуесқойларды ауа райының қолайсыз жағдайында алыс сапарға шығудан бас тартуға шақырады. Жолдағы жағдайдың нашар көрініп, көктайғақ болған кезде жүргізушілерге жылдамдықты барынша төмендетуге, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауға және басқа көліктерді озу кезінде барынша абай болуға кеңес беріледі. 

24 января 2020
Жол сапасы – басты назарда

Жолдар салу, жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарының барлығы ең бірінші кезекте жол инфрақұрылымын жақсартуға, яғни қазақстандықтардың өмір деңгейін көтеруге бағытталған. Өткен жыл қорытындысында республикалық маңыздағы жолдардың 88%, ал жергілікті жолдардың 71%  жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілді. 

2019 жылы еліміздің автожол саласында елеулі өзгеріс болды. Жалпы пайдаланудағы автожолдардың, елді мекендердегі және қалалардағы жолдарды жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Содан бергі 9 ай ішінде Орталық мамандары автожолдарды 8 мың рет тексеріп, 5 мыңға тарта бұзушылық анықтады. Құрылыс материалдарының 12 мыңнан астам сынамасын алып, зерттеді. Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы жолдарында қалыңдығы мен тығыздығының жеткіліксіздігі, асфальт-бетон жабынының суға қанығу нормасының асып кетуі сияқты өрескел қателіктер анықталды. Нәтижесінде 700 млн. теңге сомаға ескертулер жойылып, мердігер ұйымдар, жобалаушылар мен техникалық қадағалау қызметтері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шараның барлығы елдегі жолдар сапасын жақсартуға бағытталған.             

Өңірлер арасында жақсы жол жабыны бойынша Маңғыстау облысы көш басында. Онда жолдардың 93% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал соңғы орында жолдарының 31% ғана жақсы көрсеткшке ие Батыс Қазақстан облысы тұр. Республикалық жолдарының жағдайы 100% жеткен өңірлер де бар, олар – Қызылорда және Түркістан облыстары. Атырау облысында республикалық жолдар сапасы бүгінгі таңда 66% шамасында. Бұл - өңірлер арасында ең төменгі параметр. 

Жол бойындағы қызметтер жақсы және қолайлы болмай, жол желісі де сапалы болмайды. Қр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұған ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір республикалық жолдар бойында 1803 қызмет көрсету нысаны жұмыс істесе, олардың 883-і немесе 49% ғана Ұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Әкімдіктердің белсенді қызметі нәтижесінде Атырау, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстары жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл өңірлерде жол бойы қызметінің сапасы 50%-дан асады. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында керісінше ол 40%-да жетпейді.  

Жуырда қабылданған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы сапалы көлік инфрақұрылымын құруға бағытталған. Ол халық үшін ыңғайлы және қолжетімді болып, еңбек өнімділігі мен өмір сапасын арттырады. Нәтижесінде республикалық жолдардың 100%, облыстық және аудандық жолдардың 95% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілуі тиіс.

22 января 2020
2019 жылы ақылы жолдардан 5 млрд теңгеден астам түсім түсті

Өткен жылдың қорытындыларына сәйкес «Нұр-Сұлтан – Шучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» ақылы жолдарынан түскен түсім 5,4 млрд теңгені құрады.  

          Ол қаражаттың 3,8 млрд теңгесі ақылы автомобиль жолдарын, 1,6 млрд теңгесі төлем алу жүйесін күтіп ұстау шараларына жұмсалды.

2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өткен жылы ақылы жолдардан 3,5 есеге артық қаражат түсті. Өйткені, арғы жылы Қазақстанда «Нұр-Сұлтан – Шучинск» жолы ғана ақылы болатын. Жыл сайын бұл жолдан түскен түсім көлемі 1,5 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда елдегі ақылы жолдардың жалпы ұзақтығы – 682 шақырым.

2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурстың қорытындылары бойынша Консорциуммен жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес биыл қайта құрылымдаудан өткен 5,7 мың шақырымдық жол учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін қайта құрылымдау шараларының аяқталу мерзіміне байланысты ақылы болмақ.  

              Ақылы жолдар жүйесін енгізу арқылы сол жолдардың күтіміне бюджеттен қаражат бөлінбейтін болды. Яғни, барлық шығын жиналған қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.

20 января 2020
Жолшылар құрылыс маусымының басына қарай материалдардың 70% дайындауы керек

Қазақстанда құрылыс маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Елімізде автомобиль жолдары саласында жобаларды іске асырып жатқан компаниялар осы жылдың сәуіріне дейін құрылыс қажеттіліктерінің жылдық қорының 70% дайындауға міндетті.

Жалпылай алғанда, 2020 жылы автомобиль жолдарының 4 мың шақырымы құрылыс жұмыстарымен қамтылады деп жоспарлануда. Бұл мақсаттарға жолшыларға шақпақтастардың 27 млн тоннасы, темір-бетонды бұйымдардың 50,5 мың текше метрі, цементтің 644 мың тоннасы мен жанар-жағармай материалдарының 400 мың тоннасы қажет.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ, ел қалаларындағы көшелерді жөндеуді  қоса алғанда, мамандардың есептеуінше,  жол жабындысын салуға арналған негізгі материал – битумның 984 мың тоннасы керек. Осылайша, республикалық жолдар желісіне битумның 524 мың тоннасы, жергілікті жолдарға – 460 мың тоннасы қажет. Құрылыс маусымына қазіргі таңда дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жол компаниялары материалдарды дайындау жұмыстарын қатаң түрде кестеге сәйкес жүргізбек ниетте.

Айта кетейік, құрылыс маусымының қызған шағында іске асырылатын жобаларға жол-құрылыс техникасының 10 мың бірілігін, 77 уатқыш қондырғыларды, 57 бетон және 87 асфальт-бетонды өндіретін зауытты жұмылдыру жоспарланған. Жалпылай алғанда, 2020 жылы автомобиль жолдары саласында шамамен 100 мың адам еңбек етпек.

 

17 января 2020
Бірінші және екінші санаттағы жолдардың ұзақтығы 34% дейін жеткізілді

Өткен жылдың қорытындыларына сәйкес республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 8,2 мың шақырымы бүгінгі таңда бірінші және екінші техникалық санатқа жатқызылған. 2025 жылға қарай аталмыш көрсеткіш Қазақстандағы барлық жолдардың 60% дейін жеткізіледі деп жоспарлануда.

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасының өткен бесжылдығы автомобиль жолдарының 3 мыңнан астам шақырымының құрылыс және реконструкциялау жұмыстарымен қамтылғанымен есте қалды. Сондай-ақ, 2015 және 2019 жылдардың аралығында жолшылар республикалық маңызға ие жолдардың шамамен 7 мың шақырымы мен жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымын жөндеді. Бұл өз кезегінде ел өңірлерінің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік беріп, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бергені сөзсіз.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 300 көліктен басталатын бірінші және екінші санаттағы жолдардың ұзақтығы, өткен жылдардың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 34% дейін жеткізілді. Жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, аталмыш көрсеткіш бес жылдан кейін шамамен екі есеге артпақ. Осылайша, барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы жақсы және қанағаттандырарлық болады деп жоспарланған.

Еске салайық, бүгінгі таңда республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының 88% жоғарыда аталған сапа санатында. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың 27 мыңнан астам шақырымы жөнделеді. Тиісінше, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдар желісінің үлесі 95% дейін жеткізілмек. 

 

16 января 2020
2019 жылы республикалық маңызы бар 9 жолда қозғалыс ашылды

Өткен жылы құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 4,4 мың шақырымы қамтылды. Аталған жұмыстардың мұндай көлемі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған.

          Өткен жылы қозғалыс республикалық маңыздағы жолдардың 641 шақырымында ашылды. Енді жүргізушілер ұзындығы 61 шақырымды құрайтын «Теміртау – Қарағанды – Балқаш – Қапшағай» жолымен еш кедергісіз жүре алады. Сондай-ақ, көлік қозғалысы «Орталық – Шығыс» дәлізінің 249 шақырымында ашылды. Бүгінгі таңда «Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» жолының 16 шақырымы да көлік қозғалысы үшін ашық. Мұнымен қоса, реконструкциядан өткен 85 шақырымдық «Бейнеу – Ақжігіт», 18 шақырымдық «Таскескен – Бақты», 80 шақырымдық «Шучинск – Зеренді», 26 шақырымдық «Қандыағаш – Мақат», 73 шақырымдық «Жетібай – Жаңаөзен» жолдары мен 34,4 шақырымдық «Нұр-Сұлтан қаласының айналма жолында» қозғалыс қамтамасыз етілді.    

2019 жылы күрделі жөндеумен қамтылған автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 438 шақырымды құрады. Олардың 24 шақырымы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, өткен жылы жолдың 1101 шақырымында орташа жөндеу жасалды. Жасалған орташа жөндеу жұмыстары жолдардың 424 шақырымында ресайклинг, 256 шақырымында жабындыны төсеу, 414 шақырымында кедір-бұдырлы жол бетін өңдеу, 7 шақырымында микросюрфейсинг әдісімен жасалды. 

Өткен жылдың қорытындыларына сәйкес жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль  жолдарының үлесі 21,9 мың шақырымды немесе 88% құрайды. І және ІІ  техникалық санаттағы жолдардың үлесі 34 % дейін жеткізіліп, 8,4 шақырымды құрады. 

15 января 2020
19 жылы Қазақстанда жаңа технологияларды қолдану арқылы қанатқақты жоба ретінде 6 жол учаскесі салынды

Асфальт-бетон жабындысының беріктігін нығайту және жарықтардың қалыптасуына қарсы қасиетін күшейту мақсатында жолшылар өткен жылы қанатқақты жоба ретінде еліміздің 4 өңірінде 6 жол учаскесін салды. Жолдардың жағдайын Қазақстанның ғылыми-зерттеу институтының мамандары бақылауда.

Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында ресейлік, қытайлық және корейлік шақпатасты-мастикалық асфальт-бетон полимерлерді қолдану арқылы жол учаскелері салынды. Сондай-ақ, ғалымдар пилоттық режимде күкіртті асфальт-бетон Geen Crete, әмбебап жөндеу материалы УМР-2П мен борқылдақ-мастикалық асфальт-бетонды ПМА 10 қолдануды ұсынды.

Жалпылай алғанда, 2019 жылы ҚазҒЗИ жол-құрылыс материалдарының сапасын анықтауға және өндірілген материалдарды технологиялық бақылауға бағытталған 482 зертханалық тәжірибе жүргізген болатын. Жол-құрылыс материалдарының тәуелсіз сараптамасы заманауи жабдықта аккредитациядан өткен зертханаларда жасалды.  

Айта кетейік, 2019 жылы іске асырылған жұмыстардың қорытындысы бойынша автомобиль жолдары саласында Институт 4 ведомстволық нормативті-техникалық құжатты әзірледі. Сондай-ақ, ҚазҒЗИ мамандары Павлодар облысы және Семей қаласында жолдардың диагностикасы мен паспортазициясын өткізді. Өткен жылы халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 800 шақырымынан астамына диагностика жасалды.

14 января 2020
Қазақстанда облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасы 3%-ға жақсарды

2019 жылдың қорытындыларына сәйкес жергілікті жолдардың сапа көрсеткіші 71%-ке жетті. Өткен жылы ел өңірлеріндегі жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 68 % құраған болатын.

2019 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамытуға 200 млрд.-тан астам теңге бөлінді. Аталған қаражат есебінен 2019 жылы республиканың бар аумағында 386 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда,  37 жоба – жол құрылысымен, 34 жоба – жолдардың реконструкциясымен, 60 жоба – жолдарды күрделі, 255 жоба – орташа жөндеуден өткізумен байланысты. Тұтастай алғанда, жөндеу жұмыстарымен қамтылған жолдардың жалпы ұзындығы 4 617 шақырымды құрады. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі  71% -ке жетті.

2019 жылы жүзеге асырылған жобалардың саны бойынша көшті Маңғыстау облысы бастап тұр. Мұнда жолдарды реконструкциялауға бағытталған 5 жоба, жолдарды салуға бағытталған 2 жоба жүзеге асырылды. Облыс жақсы жағдайдағы жергілікті жолдардың сапасына қатысты рейтингте де бірінші орында. Өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 92% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.

2020 жылы республикада жолдардың 4 мыңнан астам шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылып, 350 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдар желісінің үлесі 75%-ке жеткізілмек.

Айта кетейік, алдағы 5 жылда Қазақстанда 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жолдардың 25 мыңнан астам шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 95%-ке дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

 

13 января 2020
Жөнделген жолдарда не үшін жол-көлік апаттары жиі болады

2019 жылы республика бойынша жаңадан салынған және қайта жаңғыртылған автокөлік жолдарының 641 шақырымы көліктер үшін ашылды. Жол төсемінің сапасы жақсарған соң барлық қатысушылар үшін жол қозғалысы жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс еді. Бірақ, жолдар тегістелген сайын көлік апаттары, оның ішінде қайғылы аяқталатын жағдайлар көбейген.    

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 12,5 мыңнан аса шақырым автожол жаңадан салынды және қайта жаңғыртылды. 2,8 мың шақырым автомагистраль І техникалық санат өлшемдеріне сәйкестендірілді. Бұл көлік жүргізушілері 3 мыңдай шақырым жолда сағатына 140 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады деген сөз. Жалпы «жол-көлік апаттарының саны сапалы жолдарға байланысты көбейді» деген сөз құлаққа оғаштау естілетіні рас. Дегенмен, статистикаға сүйенсек, 2019 жылы жолдағы апаттардың 33,6% жылдамдықты арттырудан, 14,1% жолдың қарсы бетіне шығып кетуден, 9,5% жүргізушінің көлікті басқара алмай қалуынан, 8% арақашықтықты сақтамаудан болған. Сондай-ақ, шаршау, мас күйінде көлік айдау және автомобильдің ақауы сияқты жағдайлар апатқа себеп болып жатады.     

2019 жылы республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарда барлығы 2547 жол-көлік апаты болған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда  18% көп. Осылайша, жолдардың сапасы артқан сайын жол-көлік апаттары да көбейген. Осы орайда өткен жылы елімізде республикалық маңыздағы автожолдардың 4,4 шақырымында қайта құрылымдау және салу жұмыстары жүргізіліп, рекордтық көрсеткішке жеткенін айту керек. Нұр-Сұлтан – Павлодар, Щучинск – Зеренді, Бейнеу – Ақжігіт, Жетібай – Жаңаөзен, Таскескен – Бақты, Теміртау – Қарағанды учаскелері толық аяқталды. Бүгінгі таңда республикалық жолдардың 88% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Жыл өткен сайын отандық автожол саласында инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіздік деңгейін арттыру шаралары күшейтіліп келеді. Айталық, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 13,5 мың шақырым жол салынады және қайта жаңғыртылады. Оның ішінде 2 мың шақырым жол І техникалық санаттағы жолға жатады. Тиісінше, ақылы учаскелер саны артады. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар: «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай». Орта есеппен елімізде жеңіл автокөліктер үшін І санатты жолдармен жүру бағасы 1 шақырымға 1 теңге, үлкен жүк көліктері үшін 5-тен 25 теңгеге дейінгі аралықта. Салыстырмалы түрде алсақ, Францияда оның құны 40 есе жоғары, яғни, жеңіл көліктер үшін 43 теңге, жүк көліктеріне 228 теңге. Бірақ, Батыс Еуропада жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім Қазақстанға қарағанда 15 есе аз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша елімізде апаттардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың автокөлікке 71,8 оқиғадан келеді.

Қазақстанда автокөлік құралдарының саны артып келе жатқанын айту керек. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, бүгінгі таңда еліміз жолдарында 3 млн.-нан астам автокөлік жүр. Орта есеппен 100 қазақстандыққа 21 көліктен келеді, яғни әрбір бесінші отандасымыздың жеке көлігі бар.     

Адам өмірінің маңыздылығы мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Дегенмен, жолдардағы апаттарды азайту - мемлекеттік органдардың ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсына ортақ жауапкершілік. Көлік айдау мәдениетін арттыру - бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі. Барлық тараптың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана Қазақстанда апаттар санын азайтып, ең құнды қазына – адам өмірін сақтауға болады. 

10 января 2020
Қазақстанда 2020 жылы жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламаның жүйесі енгізіле бастайды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп биыл Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарлама бойынша жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін талдау жүйесін – EuroRAP енгізу шараларына кіріседі.

ДДСҰ есебі бойынша Қазақстандағы жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың көлік құралына шаққанда 71,8 адамды құрайды.  Елімізде EuroRAP жүйесін енгізу автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік беріп, ЖКО санының азаюына ықпал етпек. Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламада жолдарды егжей-тегжейлі зерттеу және мәліметтерді жинау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған көліктік құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету қондырғылары мен біліктілік курстарынан өткен мамандар жұмыс істейді. Бағдарламада жолда болатын 50-ден астам түрлі факторға ерекше көңіл бөлінген. Тексеру шараларының нәтижесінде алынған мәліметтер EuroRAP-тың ұпайлық бағасы мен қауіпсіз жолдарға құйылатын инвестициялар жоспарын дәлелдей түседі.

Тұтастай алғанда, 2020 жылдан бастап жол қозғалысы қауіпсіздігін көтеру бағытында бюджетті егжей-тегжейлі әзірлеумен қоса, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мыңнан астам және қалалардағы көшелердің 1000 шақырымында EuroRAP жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін талдау шаралары жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, «EuroRAP-тың озық білімі ұлттық платформасының» базалық құжаттары әзірленіп,  EuroRAP жүйесін ұлттық заңнамаға енгізу жөніндегі егжей-тегжейлі ұсыныстар дайындалады деп жоспарланған.

Жолдардың жай-күйін бағалауға арналған еуропалық бағдарламаны енгізуде Swedish National Road Consulting AB (SweRoad) швед компаниясы консультант болмақ. Ассоциациядағы субконсультант - QAZAQ Research Institute for Road Traffic Safety (Швеция/Қазақстан).

Айта кетейік, Қазақстанда Жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық бағдарламасының – IRAP құралы «Орталық – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәліздерін жобалау кезеңінде қолданылған болатын. Осылайша, 2017 жылы  ұзындығы 297 шақырымды құрайтын «Балқаш – Бурылбайтал» жол учаскесін, «Алматы – РФ шекарасы (Екатеринбургқа)» жолын реконструкциялау жобалары  IRAP бағалауынан өтті.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты