2026 жылдың 27 ақпанында Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өткізілді.

2026 жылдың 27 ақпанында Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өткізілді.

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының 2025 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлау бойынша бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану тиімділік аудиті» іс-шарасы шеңберінде тиімділік және сәйкестік аудиті жүргізілді.

Бекітілген аудит бағдарламасына сәйкес мемлекеттік аудитпен Басқарма және басқармаға бағынысты 17 мемлекеттік кәсіпорындар қамтылды. 

Мемлекеттік аудитпен 2 бюджеттік бағдарлама бойынша  29 416,3 млн. теңге қаражат қамтылып, нәтижесінде жалпы сомасы 10 285,8 млн. теңгені құрайтыны бұзушылықтар анықталды немесе аудитпен қамтылған қаражаттың 35% құрады, соның ішінде: қалпына келтіруге жататыны 5 097,4 млн. теңге немесе анықталған бұзушылықтардың 49,5%, өтелуге жататыны 130,7 млн. теңге; тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған бюджет қаражаты 5 043,7 млн. теңге немесе 49,0%, бюджетке түсетін түсімдер 3,0 млн. теңге; ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда – 10,9 млн. теңгені құраса, анықталған рәсімдік бұзушылықтардың жалпы саны 242 және жүйелік кемшіліктер саны 5 бірлікті құрады.

Аудитпен анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің негізгі себебі лауазымды тұлғалар тарапынан бақылаудың және жауапты тұлғалардың біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан бюджет қаражатын негізділігі айқындалмай жоспарлау, негізсіз және тиімсіз пайдалану, бухгалтерлік және қаржылық есептілікті реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде көзделген нормалар мен ережелердің сақталмауы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу мен құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталмауына жол берілген.

Тексеру комиссиясының отырысына дейін бюджетке түсетін түсімдердің түскені 1,4 млн. теңге, өтелгені 23,6 млн. теңге, қалпына келтірілгені 563,8 млн. теңге және 21 қызметкер бұзушылықтарға жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, әкімшілік іс жүргізуді қозғау және процестік шешім қабылдау үшін 126 материал тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге рәсімделіп уәкілетті органдарға жолданды, оның ішінде:

  • ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 97 материал,
  • мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 29 материал.

Ағымдағы жылдың 27 ақпанында өткен отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы тарапынан қаулы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар жіберілді.