Пресс-релиз 2025 жылғы 14 тамыздағы Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Пресс-релиз 2025 жылғы 14 тамыздағы  Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Тексеру комиссиясының отырысында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Ұлытау облысының мемлекеттік архиві» КММ қызметкерлеріне төлемдер бойынша бюджет қаражатын пайдаланудың негізділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Мемлекеттік аудитпен қамтылған бюджет қаражатының жалпы көлемінен (387 115,0 мың теңге) анықталған бұзушылықтар сомасы 62 864,2 мың теңгені немесе 16,2% құрады, оның ішінде бюджетке өтелуге жататын - 46 054,1 мың теңге, бюджетке түсуге - 7 011,6 мың теңге, есепке алу бойынша қалпына келтіруге - 9 798,5 мың теңге.

Аудит нәтижелері бойынша заңнама нормаларының бұзылуына жол берудің себептері болып табылатын мынадай проблемалар анықталды, олар - бюджеттік бағдарламалар әкімшісі тарапынан бақылаудың және мемлекеттік аудит объектісінің басшылығы тарапынан ішкі бақылаудың болмауы.

Бақылаудың болмауы бос орындарды толтыруға формальды көзқарасқа, бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізбеуге және қаржылық есептілікті бұрмалауға, жалақының құрамдас бөліктері туралы қызметкерлердің ашықтығы мен хабардарлығының төмендігіне, негізсіз төлемдерге, мемлекеттік аудит объектісі басшыларының электрондық-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) заңсыз беруіне және басшылық тарапынан ЭЦҚ-ны пайдалануды бақылаудың болмауына, сондай-ақ бухгалтердің басқа тұлғаның (басшылардың) жабық ЭЦҚ-ны өз бетінше пайдалануына, салықтар мен аударымдарды төмендетуге, бұрын берілген нұсқамалар мен тәртіптік шешімдерді сақтамауға әкеп соқты.

3 лауазымды тұлғаға және заңды тұлғаның өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар мемлекеттік аудит материалдары мәселені қарау және тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті мемлекеттік органдарға, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар құқық қорғау органдарына берілді.

«Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне ведомстволық бағынысты мекемелердің қаржылық тәртібін нығайту, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану жауапкершілігін арттыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Мемлекеттік аудит объектісі мен уәкілетті органның мекенжайына анықталған бұзушылықтарды жою және бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар жіберілді.

Аудиторлық іс-шараның қорытындысы мәслихат пен Ұлытау облысының әкімдігіне жолданды.