Білім беру қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың мемлекеттік аудитінің қорытындылары туралы

Білім беру қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың мемлекеттік аудитінің қорытындылары туралы

2026 жылғы 5 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында білім беру қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың мемлекеттік аудитінің қорытындылары қаралды.

Жүргізілген аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша аудитпен белгіленген бұзушылықтардың жалпы сомасы 99,3 млн. теңгені құрады, оның ішінде: қаржылық бұзушылықтар – 18,0 млн. теңге, оның ішінде бюджетке өтелуге жатады – 18,0 млн. теңге (100%), бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау сомасы – 58,8 млн. теңге, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы - 22,6 млн. теңге.

Аудит нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді реттеу, педагогикалық өтілді есептеу тәртібі, қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйлықақылар және өзге де төлемдер бөлігінде қолданыстағы заңнама мен нормативтік құқықтық актілер талаптарының көптеген бұзушылықтары анықталды.

Қызметкерлерді дұрыс емес тарифтеу, блокты, буынды және еңбекақы төлеу сатысын дұрыс анықтамау, педагогикалық жұмыс өтілін қате есептеу, сондай-ақ құқықтық негіздер болмаған кезде жалақы мен қосымша ақыны есептеу және төлеу фактілері анықталды. Тиісті оқу жүктемесі болмаған кезде сыйлықақыларды (оның ішінде сынақ мерзімінен өту кезеңінде және алынбаған тәртіптік жазалар болған кезде), біліктілік санаты үшін қосымша ақыларды және білім берудің жаңартылған мазмұнын негізсіз есептеу, жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңі үшін төлемдер, сондай-ақ сауықтыруға арналған жәрдемақыларды қосарланған есептеу жағдайлары анықталды.

Есеп айырысу-төлем ведомостарында көрсетілмей ақша қаражатын төлеуде, сондай-ақ жекелеген лауазымды тұлғаларға жалақыны артық есептеуде көрсетілген қаржылық тәртіпті бұзушылықтарға жол берілді.

Аудит объектілері штат бірліктерінің нормативтен тыс санын (мектеп директорларының орынбасарлары, вахтер, хатшы) қалыптастыруда және қаржыландыруда, сондай-ақ Ахметжан Қазымбетов атындағы стадионды күзету жөніндегі күзетшілердің штат бірліктерін ұстауда көрініс тапқан бюджет шығыстарын тиімсіз жоспарлауға байланысты бұзушылықтарға жол берді, бұл бюджет шығыстарының негізсіз ұлғаюына әкеп соқтырды.

Педагог қызметкерлердің жалақысын төлеуге, білім бөлімдерінің қызметкерлеріне облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің келісімінсіз, бюджеттік комиссияда қараусыз және бюджеттік бағдарламалар мен жеке қаржыландыру жоспарларына тиісті өзгерістер енгізбей төлеуге көзделген бюджет қаражатын пайдалану жағдайлары белгіленді, бұл бюджет заңнамасының талаптарын бұзу болып табылады және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын куәландырады.

Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша 13 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 6 ұсынымдар мен тапсырмалар берілді, анықталған бұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы 2 ұйғарым шығарылды.

Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітілді.