Коммуналдық меншікке берілмеген аяқталмаған жобалар мен проблемалық объектілердің мемлекеттік аудитінің қорытындылары туралы Пресс-релиз

Коммуналдық меншікке берілмеген  аяқталмаған жобалар мен проблемалық объектілердің  мемлекеттік аудитінің қорытындылары туралы  Пресс-релиз

2025 жылғы 4 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында коммуналдық меншікке берілмеген аяқталмаған жобалар мен проблемалық объектілердің мемлекеттік аудитінің қорытындылары қаралды.

Жүргізілген аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша бюджет кірісіне өтелуге жататын белгіленген қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 133,0 млн. теңгені, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы – 3,8 млрд. теңгені, ықтимал шығындар – 58,0 млн. теңгені, жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың) жалпы сомасы - 27,2 млн. теңгені құрады, сондай-ақ рәсімдерді орындау тәртібінің 36 бұзушылығы анықталды.

Аудит объектілері бюджеттік және азаматтық заңнаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы, мемлекеттік мүлік туралы, мемлекеттік сатып алу туралы және т. б. заңнамаларды бұзуға жол берді.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін 1 әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар материал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және 3 материал «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы» КММ-не жіберілді.

Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің басшыларына қаржылық тәртіпті нығайту, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланғаны үшін жауапкершілікті арттыру жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды. Сондай-ақ кадр саясатын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу, анықталған бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер бойынша тұрақты негізде техникалық оқу жүргізу, жаңадан қабылданатын нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу тапсырылды.

Орындалған жұмыстардың негізсіз қабылданған актілері және олар бойынша мердігер ұйымдарға негізсіз ақы төлеу бойынша іс жүргізу шешімін қарау және қабылдау үшін, сондай-ақ негізсіз қымбат жобаны іске асыруға қабылдау фактісі бойынша және жобалық қуаттылықты 2 есеге төмендету фактісі бойынша жобаның құнын түзету жөнінде шаралар қабылдамау үшін Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасына келесі аудит объектілері бойынша 3 мемлекеттік аудит материалдары жіберіледі:

  • «Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ;
  • «Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ;
  • «Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ.

Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітілді. Аяқтау, кейіннен мемлекеттік меншікке беру шараларды қабылдау бойынша, аяқталмаған жобалар және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарау үшін аудит объектілеріне, аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне Нұсқамалар жіберілді.