2025 жылғы 16 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысында «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» КММ «Көп бейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы» ШЖҚ МКК қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды.
Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша жалпы сомасы 1776,2 мың теңгеге Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 265,8 мың теңге сомасында өтеуге, бухгалтерлік есеп бойынша қалпына келтіруге – 1510,4 мың теңге жатады. Бұдан басқа, 136,5 мың теңге сомасы бюджет шығыны, сондай-ақ Кәсіпорын қызметінде 19 рәсімдік бұзушылық және 3 жетіспеушілік анықталды.
Жүргізілген мемлекеттік аудит Даму жоспарының көрсеткіштері бойынша нәтижелерге қол жеткізбеу бойынша, бухгалтерлік есепті жүргізу кезіндегі бұзушылықтарды анықтады. Өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы сотқа шағымдану бойынша, сондай-ақ бекітілген мемлекеттік сатып алу жоспарында көзделмеген тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатып алу бойынша тиісті жұмысты жүргізбеу бөлігінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталды.
Кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселені қарау үшін Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 207-бабының 10-бөлігі, 207-бабының 11-бөлігі, 238-бабының 1-бөлігі, 205-бабының 2-бөлігі, 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар материалдар тиісті уәкілетті органдарға жіберілді.
Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітілді, аудит объектісіне және уәкілетті органға - «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» КММ анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы Нұсқамалар жолданды.