ҚЫЗЫЛОРДАДА ТЕКСЕРУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ТЕКСЕРУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
              🔶Қызылорда қаласында «Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» тақырыбында Республикалық деңгейдегі семинар-кеңес өтті.
              🔶Іс-шара Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының ынтымақтастығы, практикалық тәжірибе алмасу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы» меморандум аясында ұйымдастырылды.
              🔶Семинар-кеңеске Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тілеумбетов, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Жоспарлау, стандарттау және методология департаменті директорының орынбасары Ақбаян Әлімбаева, еліміздің өңірлеріндегі тексеру комиссияларының төрағалары мен өкілдері қатысты.
              🔶Биыл мемлекеттік аудит жүйесі үшін қос айтулы мереке аталып өтуде: Жоғары аудиторлық палатаның құрылғанына – 30 жыл, облыстық тексеру комиссияларының құрылғанына – 15 жыл. Осыған орай семинар барысында мемлекеттік аудит жүйесінің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды кезеңдерге назар аударылды.
              🔶Кездесудің басты мақсаты – тексеру комиссияларының қызметін жетілдіру, мемлекеттік аудит саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, озық тәжірибе алмасу және сыртқы мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру.
              🔶Күн тәртібінде сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың нормативтік құқықтық актілері мен рәсімдерін жетілдіру, саладағы өзекті өзгерістер мен даму перспективалары, шетелдік мемлекеттік аудит органдарының тәжірибесі және тексеру комиссияларының практикалық қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.
              🔶Атап айтқанда, Ақбаян Әлімбаева сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау саласындағы нормативтік-құқықтық өзгерістер мен даму бағыттарына тоқталды.
              🔶Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дархан Амангелдіұлы мемлекеттік аудит органдары арасында тәжірибе және білім алмасу, шетелдік тәжірибені зерделеу мәселелері бойынша баяндама жасады.
              🔶Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дана Мухамеджанова мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау қызметін жетілдірудің өзекті мәселелерін ортаға салды.
              🔶Ал Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Сакен Қуанышұлы өңірлік тексеру комиссиясының қызметі, атқарылған жұмыстар және мемлекеттік аудит тиімділігін арттыру бағыттары туралы ақпарат берді.
              🔶Семинар барысында мемлекеттік аудиттің сапасын арттыру, аудит рәсімдерін жетілдіру, анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің алдын алу және тексеру комиссиялары арасындағы өзара тәжірибе алмасуды одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
              🔶Іс-шарада Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының қалыптасуына елеулі үлес қосқан, 2011–2018 жылдары комиссияны басқарған алғашқы төраға, белгілі қаржыгер-экономист Қамбарбек Мүбәраковтың рухына құрмет көрсетіліп, қатысушылар оны бір минут үнсіздікпен еске алды.
              🔶Семинар-кеңес қорытындысында қатысушылар мемлекеттік аудит органдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасуды кеңейту, аудит сапасы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
              🔶Мемлекеттік аудиттің басты міндеті – бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің тиімді, мақсатты әрі заңды пайдаланылуын қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс қаржылық тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін арттыруға және қоғамның мемлекеттік аудит институтына деген сенімін күшейтуге ықпал етеді.