Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысына Арал және Қазалы аудандық бөлім басшылары және аталған аудандарға қарасты ауылдық округтердің әкімдері, есепшілері мен мәдениет үйлерінің басшылары қатысты.
Тексеру комиссиясының төрағасы М. Қалдарбеков отырыс барысында жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің дұрыстығына баса мән беру қажеттілігін атап өтті.
Өз кезегінде комиссия мүшесі Б.Т. Пшанов баяндамасында ҚР Салық кодексі талаптары сақталмай жеке тұлға төлейтін көлік құралдары салықтарынан барлығы 1696,1 мың теңге қаржы төленбегендігіне және ҚР Еңбек Кодексінің, ҚР Үкіметінің 31.12.2015 жылғы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысы талаптары бұзылып, мемлекеттік аудитпен қамтылған аралықта мекеме және кәсіпорын қызметкерлері мен есепшілеріне, барлығы 22746,9 мың теңге еңбекақы мен үстемеақылары негізсіз артық төленгендігіне тоқталып, аталған кемшіліктерге қатысты тиісті жұмыстарды жүргізу қажеттілігін ескертті.
Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелердің қойған бірқатар сұрақтарына Арал және Қазалы аудандық бөлім басшылары және аталған аудандарға қарасты ауылдық округтердің әкімдері, есепшілері мен мәдениет үйлерінің басшылары жауап берді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданып, алдағы уақытта тиісті іс-шараларды атқару үшін ұсынымдар жолданады.