Өңірлерде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу мәселелері бойынша брифингтер өтті

Өңірлерде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу мәселелері бойынша брифингтер өтті

Бүгін еліміздің өңірлерінде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу мәселелері бойынша брифингтер өтті.

Ағымдағы жылы 1 маусымда резервке іріктеуге қатысуға құжаттарды қабылдау pkrezerv.gov.kz платформасында басталады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады: құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау (ассессмент орталығы және құзыреттер бойынша сұхбат), сарапшылық комиссиямен әңгімелесу және Ұлттық комиссия отырысы.

Іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі.

Кандидат тіркеуден өту кезінде резервке алынған жағдайда еңбек қызметін жүзеге асыруды көздейтін салалық бағытты таңдауы керек. Әрбір салалық бағыт үшін резервке алу квотасы белгіленеді. Бұл ретте, кандидаттардың әр бағыт бойынша біркелкі санын ұстап тұру мақсатында резервке іріктеудің барлық кезеңдерінде пропорционалды іріктеу қамтамасыз етіледі.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Брифингтерде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерінің өкілдері жастарды іріктеуге қатысуға шақырды.

Президенттік жастар кадр резерві – мемлекеттік басқару жүйесіне креативті және бастамашыл жастарды тартуға бағытталған жоба.