Ағымдағы жылғы 1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға өтінімдерді қабылдау басталады.
Іріктеудің басталуы қарсаңында барлық өңірлерде жастар арасында алдағы іріктеу, оның кезеңдері мен ерекшеліктері туралы түсіндіру іс-шаралары өтуде.
Бүгін МҚІА төрағасының орынбасары С. Мүксімов Павлодар облысының жас мамандарымен резервке іріктеу мәселелерін түсіндіру бойынша кездесу өткізді.
Кездесу барысында жастардың сұрақтарына жауаптар берілді.Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері өткен жылдардағы іріктеуге қатысу тәжірибесімен бөлісіп, жоба талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт және мемлекеттік қызметте өз әлеуетін іске асыру мүмкіндігі екендігін атап өтті.
Кездесулерде жастар жобаға қатысуға ниет білдіріп, салалар бойынша бөлінетін квоталарға, іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесіне талантты жастарды тартуға бағытталған бастамасы. Ағымдағы жылы резервке іріктеу мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша жүргізілетін болады. Іріктеуге В1 деңгейінен төмен емес мемлекеттік тілді меңгерген, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.