МҚІА төрағасы Руанда Республикасының Елшісімен кездесті

МҚІА төрағасы Руанда Республикасының Елшісімен кездесті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Руанда Республикасының Елшісі Чарльз Кайонгамен кездесті.

Кездесу барысында мемлекеттік басқарудағы адам капиталының әлеуетін арттыру және оны цифрландыру мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты орнату мүмкіндігі талқыланды.

Дархан Жазықбай еліміздегі мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін қалыптастыру және заманауи HR құралдарын енгізу бойынша бастамалармен бөлісті. 

Шетелдік тарапқа мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестер мен персоналды іріктеуді цифрландыруға бағытталған отандық «е-Qyzmet» ақпараттық жүйесі таныстырылды.

Өз кезегінде, Руандада мемлекеттік қызметке қабылдауға арналған «E-recruitment» жүйесі бар. Осыған байланысты тараптар цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибесімен алмасудың өзектілігін атап өтті.

Руанда тарапы адам ресурстарын басқару бойынша тәжірибе алмасуға мүдделі екендерін білдірді.

Сондай-ақ кездесуде тараптар Астана мемлекеттік қызмет хабының шеңберінде Руанда мемлекеттік қызметшілерінің Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформалары бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен оқу курстарын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.