Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басқару академиясының арнайы шақыруымен біліктілікті арттыру курстары аясында аумақтық Полиция департаменттерінің басшылық құрамына арналған «Мемлекеттік қызметтегі басты талаптар мен ұстанымдар» тақырыбындағы мотивациялық дәріс өткізді.
Агенттік төрағасы өз сөзінде мемлекеттік қызметтің ерекше жауапкершілік жүктейтінін, бұл жолдың – қоғамға адал еңбек етіп, халық сеніміне ие болуды көздейтін айрықша миссия екенін атап өтті.
«Мемлекеттік қызметте еңбек ету – жай ғана лауазымды атқару емес. Бұл – халықтың сеніміне ие болу, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет ету. Әсіресе, құқық қорғау саласында жүрген азаматтар үшін бұл міндеттің салмағы мен маңызы одан да зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау» деген сөзі – әрқайсымыздың кәсіби жолымызға бағдар болуы қажет», – деді Дархан Жазықбай.
Дәріс барысында мемлекеттік қызметкерлер үшін отаншылдық, әділдік, ашықтық, антқа адалдық ұстанымдарын ұстанудың және «Адал азамат» идеалдарына сай болудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, әр қызметкердің өзіне жүктелген міндетті кәсібилікпен атқару, ел игілігі жолында адал еңбек ету қажеттігілігіне назар аударылды.
Агенттік төрағасы мемлекеттік басқару теорияларына тоқталып, елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік қызметті дамыту шаралары аталған теориялардың практикалық көрінісі екендігін айтты. Джеймс Перридің мотивация теориясындағы «жеке мүддеден қоғам игілігін жоғары қоя білу» қағидаты тыңдаушыларға ерекше ой салды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметте басқарушылық міндетті атқарушы азаматтардың тұлғалық болмысына қажетті эмоционалдық интеллект, мотивация, өзін-өзі тану және басқара білу сынды көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру туралы маңызды тұжырымдар атап көрсетілді. Агенттік төрағасы қызметкерлердің кәсіби біліммен қатар, елге қызмет етем деген ниет пен ішкі рухы мықты және мемлекетшіл болуға ұмтылу керектігін атап өтті.
Дәріс соңында Академия тыңдаушылары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ашық форматта пікір алмасу өтті.