Дархан Жазықбаев: Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – елдік мүддеге қызмет ету

Дархан Жазықбаев: Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – елдік мүддеге қызмет ету

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Kazinform» Халықаралық ақпараттық агенттігіне  берген сұхбаты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі. Осыдан тура 20 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған екен. Ал Қазақстан бұл мерекені 10 жылдан кейін 2013 жылы бекітіп, 23 маусым елімізде Мемлекеттік қызметшінің кәсіби мерекесі болып белгіленді. Ресми мәлімет бойынша, қазір елімізде 90 мыңнан аса мемлекеттік қызметші сан-салада жемісті еңбек етіп жүр. Осы мерекелі күнге орай, ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан ЖАЗЫҚБАЕВПЕН сұхбат құрып, салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы біліп, маманның тұлғалық болмысы қандай болады деген сауалдар төңірегінде әңгімелескен еді.

- Дархан Медеғалиұлы, Сізді және барша әріптестеріңізді кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын! Сауалдың әлқиссасы – Сіздің ойыңыздағы мемлекеттік қызметшінің портреті қандай?

- Қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшілерден қоғамдық мүдделерге әділ, адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасау адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынтасының болуын, ең бастысы – ниетінің таза болуын талап етеді.

Мемлекеттік қызметші өзінің білімімен ғана пайда келтіріп қоймай, сонымен қатар адамшылық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек.

Ел мен қоғам игілігі үшін адал қызмет ететін мемлекеттік қызметші – нағыз азамат және шынайы патриот атануға лайық.

Мемлекетті және қоғамдық істерді басқару батылдықты, төзімділік пен ескі таптаурындарды жоюды, жан-жақты ойластырылған сындарлы өзгерістерді жүзеге асыруды қажет етеді. Мемлекеттік қызметшілер қайратты мінез бен көзқарасқа, жан-жақты ойлай алатын қасиетке ие болуы, жаңаруды жүзеге асырып, өзгерістердің бастауы бола білуі тиіс. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – елдік мүддеге қызмет ету.

- Жақында ғана Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікір бар екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру керектігі туралы айта келе: «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет» деген еді. Мемлекеттік қызметшінің санасын қалай өзгертуге болады?

- Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында «Мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық» деп атап өтті. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта-жігерін, ең бастысы ниет тазалығын талап етеді. Бүгінгі мемлекеттік қызметші елдің, қоғамның мүддесіне әділ және адал қызмет ететін, өзінің күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін Отанымыздың дамуына жұмсап, елге адал қызмет етуші тұлға болуы тиіс. Ал ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет ететін мемлекеттік қызметші – нағыз азамат және Отанды сүюдің жарқын үлгісі болуға лайық. Мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесе бақылаудан қорыққандықтан емес, өзінің ішкі ерік-жігерімен, ниет қалауымен орындалуы маңызды. Ең бастысы, бұл біздің жұмыс тәсіліміздің түбегейлі өзгеруіне жол ашады.

Осы бағытта, Агенттік «Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайлы Доктрина әзірлеп шықты. Доктрина мемлекеттік қызметшілердің саналы түрде рухани-адамгершілік тұрғысынан өзгеруіне және олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы, әрі кәсіби атқаруына септігін тигізетін құжат болады деп сенеміз.

- Дархан Медеғалиұлы, қазір мемлекеттік қызметшілердің жағымсыз әрекеттері бір жерде көрініп қалса, ол жайлы әлеуметтік желіде ақпарат тез тарайды. Осы орайда мынаны айтыңызшы, кейінгі жылдары мемлекеттік қызмешілердің үстінен түскен шағымдар көрсеткіші қандай? Қанша қызметкер жауапқа тартылды?

- Иә, мемлекеттік қызметшілер тарапынан мұндай жағдайлар болып жатады. Біз мұны жасырмаймыз. Жекелеген қызметшілердің қызметтен тыс уақытта жасаған әрекеттері қоғамдық резонансқа айналып, халықтың билікке деген сенімінің төмендеуіне әсер етеді. Дегенмен, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, санаулы адамдардың айыбы үшін тұтастай мемлекеттік қызметшілерді қаралауға болмайды. Олардың арасында адал, елге аянбай қызмет етіп келе жатқан азаматтар жеткілікті. Қоғамда айтылатын сын-пікірге қатысты агенттік үнемі мониторинг жасап, алдын алу шаралатын тұрақты негізде жүзеге асырып отырады. Былтыр мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Онда ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану – мемлекеттік қызметтің негізгі әдептік қағидаттары ретінде белгіленді.

Жалпы, Әдеп жөніндегі кеңестерде қаралған тәртіптік істердің саны жылдан-жылға төмендеп жатқанын атап өтуге болады. Мәселен, 2022 жылы 385 іс қозғалған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 29%-ға азайып, жауапқа тартылғандар саны 1,5 есеге дейін төмендеді. Кеңестерде қаралған сұрақтардың 64%-ы профилактикалық бағытта болып, 2021 жылмен салыстырғанда 12%-ға өскен. Жыл қорытындысы бойынша Кеңес ұсынымдарының орындалуы 97% болды. Агенттіктің үйлестіруімен әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ауқымды түсіндірме жұмыстары атқарылып, 20 мыңнан астам азамат пен қызметшіге жеке консультативтік көмек көрсетілді.

- Мемлекеттік қызметшінің жүктемесіне қатысты да аз айтылып жүрген жоқ. Осы орайда, агенттік үстеме жұмыс мәселесі бойынша қандай шаралар қабылдап жатыр?

- Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – біздің агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі. Қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартуды болдырмау үшін біз осындай фактілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Өткен жылы мемлекеттік органдарда кіруді бақылау және басқару жүйесі мен «Е-қызмет» арасында интеграция жүргіздік. Биыл мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытына мониторинг жүргізу үшін нормативтік құқықтық базаны толығымен реттедік. Өздеріңізге мәлім, ақпан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне түзетулер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау агенттікке берілді. Бұрын мұндай істерді әкімдіктердің еңбек инспекциясы қарайтын. Осыған орай, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы агенттік құзыреті ретінде бекітілді. Аталған түзету 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті мемлекеттік органдарға бармай, қашықтықтан және мемлекеттік органға бару арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдарға бармай, қашықтықтан жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу ақпараттық жүйелердегі мәліметтер, мемлекеттік органдардың не оның аумақтық бөлімшелеріне ұсынатын мәліметтері, кіруді бақылау бақылау және басқару жүйесінің деректері, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға сүйену арқылы жүргізіледі.

Мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг мемлекеттік органдарға бару жоспарына сәйкес бір тоқсан ішінде кемінде бір рет жүзеге асырылады. Жоспарларды агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері бір жылға бекітеді және алдын ала мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органға бару арқылы тиісті мониторинг жылына ары кеткенде екі рет жоспардан тыс жүзеге асырылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта жұмыс орнында болу фактілерін уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары актілейді.

Қажет болған жағдайда мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу үшін әдеп жөніндегі уәкілдер мен қоғам өкілдері тартылуы мүмкін. Жалпы, соңғы жылдары біз қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қарастырдық. Мысалы, COVID-19 пандемиясының әсеріне байланысты фриланс нарығының жалпы әлемдік өсуі байқалады. Жаңа жаһандық сұранысты ескере отырып, қашықтықтан жұмыс істеу, аралас қашықтықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу ережелері бекітілді.

Қашықтықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс уақыты режимі мемлекеттік қызметшілердің белгілі бір санатының кәсіби, отбасылық және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы кестені қамтамасыз етеді.

- Енді мемлекеттік органдарға қызметшілерді келісімшарт арқылы жұмысқа алу мүмкіндігі берілмек. Жалпы, мемлекеттік қызметке кімдер келісімшарт бойынша тартылады?

- Келісімшарт бойынша қызметкерлер мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін болады. Қажетті қызметкерді бір жылға дейін келісімшартпен алуға болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарт бойынша қызметшілерге қатысты нақты ережелер мен тәртіптер тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді. Осы институттан басқа агенттік «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын кешенді қайта қарау бойынша жұмыс жүргізді. Енді жұмыс тәжірибесі бойынша біліктілік талаптарына сәйкес болу үшін мемлекеттік лауазымдарда және өзге де лауазымдарда, салаларда нақты лауазымның тиісті функционалдық бағытына сәйкес, жұмыс өтілінің жиынтығын қолдануға жол беріледі. Осы норманы енгізу жеке сектордағы мамандар үшін мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырады. Агенттікпен келісім бойынша конкурссыз «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындау көзделген. Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін агенттікпен осындай 90 тағайындау келісілді.

- Ал, мемлекеттік қызметке жастарды тарту мәселесі қалай болып жатыр?

- Білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру – тиімді мемлекеттік аппарат құрудағы маңызды міндет. Былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша тапсырмасын орындау аясында агенттік жаңа тәсілдер әзірлеп, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке тұруды жеңілдетеді.

Тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткіш немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде бекітілді. Мысалы, бүгінде Батыс Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстарында осындай тағайындаулар болды.

- Биылдан бастап басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем беріледі. Оның көлемі қанша болады, жалпы төлем қалай жүргізіледі?

- Бұл өзгеріс жақында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қабылданған заңында көрініс тапты. Қолданыстағы заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда, қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр. Ротациялық төлемдерді «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда көзделген әскери қызметшілер үшін тұрғын үй төлемдерімен ұқсастығы бойынша есептеу ұсынылады.

- Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде кандидаттан алынатын емтихандар саны қысқарды. Нақты процеске тоқталсаңыз, енді қызметке келемін деген адам қандай кезеңдерден өтеді және қай бағыттар бойынша тест тапсырады?

- Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылды. Бүгінде «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы әзірленді. Онда мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі дайындалып, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды.

Жаңа формат үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа, барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Адами фактордың ықпалын болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде дербес деректерді құпияландыру, анонимділікті қамтамасыз ету мақсатында үміткерлер ID нөмірленеді және тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етіледі. Тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі есеге, яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Тестілеуді оңтайландыру үміткерлердің басым көпшілігіне мемлекеттік қызметке іріктеудің басқа рәсімдерінен өту кезінде өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Жалпы, жаңа іріктеу жүйесін 1 наурыздан жыл соңына дейін 5 мемлекеттік органда сынақтан өткізуді бастадық. Олар – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері.

Бүгінгі күні іріктеудің осы жаңа жүйесі бойынша конкурсқа 362 адам қатысты, олардың 19-ы іріктеуден өтті.

- Мемлекеттік қызметшіге салынатын тыйым көп сияқты. Сайып келгенде, олар да ет пен сүйектен жаратылған адам, шектеулер неге көп?

- Расында да, әрбір мемлекеттік қызметші – бірінші кезекте сол қоғамның мүшесі, Конституциямен және заңдармен көзделген құқықтар мен міндеттерге ие еліміздің азаматы. Алайда, мемлекеттік қызметші өзіне артылған сенім мен жауапкершілікті сезіне отырып, жұмыс кезінде барлық іс-әрекеттерін әдеп нормаларының аясында жүзеге асыруы тиіс. Демек, олар мемлекеттік қызметке кірумен байланысты белгілі бір шектеулерді, оның ішінде қызметтік әдеп стандарттарын сақтау бойынша міндеттемелерді қабылдайды. Себебі, мемлекеттік қызмет ерекше жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді.

Мемлекеттік қызметтегі азаматтардың моральдық-адамгершілік бейнесіне Әдеп кодексімен айқындалған бірқатар талаптар көзделген. Әдеп кодексі былтыр жаңа редакцияда қабылданды. Кодексте негізінен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары бекітілген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің әдептілік қағидаттары айқындалған. Олар – ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлану. Мұның барлығы – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар. Сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілер мұң-мұқтажын айтқан қарапайым халыққа тиісінше сапалы жауап беріп, олардың талабына барынша икемді әрі халықпен жұмыс істеуге дайын болуы керек.

Жалпы, сіз айтып отырған шектеулерді тәртіптік талаптар деп айтуға болады. Мұндай талаптар қашан да керек. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас» деген тамаша сөзі бар. Сондықтан, тәртіпке бағынған адам ешқашан опық жемейтіні анық. Ортақ қабылданған тәртіптік талаптарды орындау субьективтілікке жол бермейді. Жұмыс барысындағы реттілікті қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік қызметші қызметтік міндетін атқарудан тыс кезде жалпы қоғамға ортақ адамгершілік-моральдық құндылықтарды ұстанады.

- Дархан Медеғалиұлы, сұхбат соңында бүгінгі мерекеге орай құттықтау сөзіңіз болса...

- Халық үніне құлақ асып, жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алатын ашық, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Әрбір мемлекеттік қызметші елге қызмет етудің маңызды ерекшелігін саналы түрде сезініп, халқымыздың игілігі жолында адал ниетімен еңбек ету арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосады.

Бүгінгі кәсіби мерекеде ел сенімін арқалаған маңызды саладағы еңбектеріне жемісті нәтиже, сарқылмас күш-қуат, асқақ абырой тілеймін!

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Дереккөз:Kazinform