ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаевтың "AIQYN" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жарияланған мақаласы
Еліміз гендерлік саясатты іске асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдарға (Бейжің тұғырнамасы), әйелдерге қатысты кемсітушіліктерге жол бермеуге, әйелдердің саяси құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты қабылданған бірқатар халықаралық актілерді ратификациялады.
2015 жылғы қыркүйекте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдады, ондағы 17 мақсаттың 12-сі гендерлік сезімтал болып табылады. «Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» негізгі мақсаттардың бірі ретінде көрсетілген. Ол жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандарын жоюға және қыздар мен әйелдер үшін мүмкіндіктер мен қарым-қатынастың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Елімізде, қоғамның барлық салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында жоғары мемлекеттік деңгейдегі гендерлік саясат институты – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, жұмыс атқаруда.
2016 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 384 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері осы Тұжырымдамада айқындалған.
Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты – қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру болып табылады.
Елімізде 2009 жылдың 8 желтоқсанында ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікке жағдай жасауға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданған болатын. Осы заңның 9 бабында ерлер мен әйелдердің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуінің кепілдіктері туралы арнайы нормалар қарастырылған. Соған сай, мемлекеттік органдардың басшылары ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Мұнымен қоса, мемлекет мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ерлер мен әйелдердің тең әріптестік қатынастарының сақталуын қамтамасыз етеді. Заңда көрсетілгендей, осы белгіленген талаптарды бұзу заңсыз өкімдердің (бұйрықтардың) немесе мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурс нәтижелерінің күшін жоюға әкеп соғады. Осылайша, елімізде арнайы заңмен мемлекеттік қызметте әйелдер мен ерлерді бөле жарып қарауға немесе белгілі бір артықшылықтар беруге тыйым салынған.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте әйелдердің тұрақты белсенділігі байқалады. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еліміздегі мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлес саны 55,7%-ы құрады. Қазақстанның мемлекеттік қызметшілер саны 82,7 мыңды құраса, оның 46 мыңнан астамы - әйелдер. Басшы лауазымдарда шамамен 9 мың әйел қызмет атқаруда, бұл жалпы санның 39,3%-н құрайды.
2021 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы «БҰҰ – әйелдер» құрылымының Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған «Ұрпақ теңдігі» атты жаһандық форум аясында сөйлеген сөзінде, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы әйелдерді қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанына тоқталып, «Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі» – деп атап өтті.
Бүгінде, елімізде барлық азаматтар үшін тиімді, бәсекеге қабілетті және халық үніне құлақ асатын мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған ауқымды шаралар қабылдануда.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу жүйесін одан әрі дамытып, артық бөгеттерді жоюға және меритократия қағидатын ілгерілету керектігіне және мемлекеттік қызметтің әрбір қазақстандық үшін ашық болу қажеттігіне тоқталған болатын. Меритократия – ерлер мен әйелдерге ортақ қағидат.
Елімізде мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып келеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеттері, жетістіктері және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие. Бұл адал еңбекті әділ бағалау жұмысының дұрыс арнаға бағытталғанын көрсетеді.
Барлық азаматтардың еліміздің саяси өміріне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету – мемлекетімізде демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Осы орайда, әйелдердің озық, білімді, бәсекеге қабілетті болуы, мемлекеттің саяси өміріне және мемлекеттік аппараттың жұмысына белсенді араласуы, қай салада болмасын шешім қабылдауға ат салысуы маңызды. Бұл – заман талабы.
Мемлекеттік қызметке кірудің тең мүмкіндіктерін жасаудың негізгі шарттарының бірі іріктеудің транспарентті және объективті жүйесі болып табылады.
Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде ашықтық және айқындық қағидаттарын қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір қызметкердің кәсібилігі мен жеке үлесі негізінде мансаптық ілгерілеуі бойынша тұрақты жұмыс жасап келеді.
Өткен жылы бос лауазымдарға орналасу конкурстарының қорытындысы бойынша жеңімпаздар арасындағы әйелдер үлесі 44% құрады. Бұл ретте, конкурс қорытындыларына сәйкес, басшылық лауазымдарға тағайындалған тұлғалар арасындағы әйелдердің үлесі 26,7%.
Гендерлік теңдікті ілгерілетудің негізгі мазмұны әйел адамдардың ер адамдармен қатар қоғамдық өмірде, мемлекеттік басқаруда, елге қызметте ерекше үлес қоса алатындығын мойындау, оларға үлкен жауапкершілік арту болып табылады. Елімізде барлық салаларда әйел адамдар жемісті, нәтижелі қызмет етіп келеді.
Қоғамда гендерлік теңдікті ілгерілетуде гендерлік ағартушылықты қолға алудың да маңызы зор. Гендерлік білім беру және гендерлік ағарту – гендерлік саясатты іске асыруды қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мемлекеттік қызметшілердің гендерлік мәселелер бойынша біліктілігін арттыру семинарларын тұрақты негізде өткізіп тұрады.
Семинарлардың мақсаты – қазіргі қоғамның гендерлік үрдістерін талдау және мемлекеттік қызметшілердің гендерлік саясат саласындағы кәсіби құзыреттерін жетілдіру.
Мысалы, 2021 жылы Академияда шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Әйелдер көшбасшылығы» мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинары өтті. Семинарда көшбасшы әйелдердің басқару саласында жиі тап болатын проблемалары қарастырылды. Олардың көшбасшылық қасиеттерін арттыру бағытында және мансаптық өсуі үшін әртүрлі ұсыныстар мен құралдар зерделенді.
Сонымен қатар, Академия Ұлттық экономика министрлігі мен «БҰҰ – әйелдер» құрылымының бірлескен жобасы аясында «Ұлттық жоспарлау және бюджет жүйесіндегі гендерлік талдау» онлайн-курсын әзірледі.
Курс ерлер мен әйелдердің қоғамдағы мәртебесінің теңдігін ескере отырып, тиімді жоспарлау және бюджеттеу туралы ақпаратты қамтыды. Бұл онлайн курс басқару, жоспарлау және бюджеттеу саласындағы барлық мемлекеттік қызметшілерге, сарапшылар мен мамандарға арналған.
Бүгінде Қазақстан азаматтары өздерінің білімі, еңбекқорлығы, тапқырлығы арқасында табысқа жететінін көптеген мысалдармен дәлелдеп отыр.
Елімізде әйелдер бизнеспен айналысып қана қоймай, дәрігер, педагог, бухгалтер және т.б. салаларда нәтижелі жұмыс атқаруда. Министрліктер мен әкімдіктерде мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыруда да өз үлестерін қосуда.
Қоғам мүдделерін басшылыққа алатын талантты жастардың әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Президенттік жастар кадр резерві жобасы іске асырылуда. Іріктеуге белсенді қатысып, өздерінің озық білімдері мен дағдылары арқылы діттеген мақсаттарына қол жеткізген жастар арасында білікті әрі бәсекеге қабілетті қыз-келіншектерде баршылық.
Гендерлік теңдікке қол жеткізу бағытында бағдарламалар, стратегиялар мен тұжырымдамаларды сапалы іске асыру үшін гендерлік сауаттылықты әрі қарай ілгерілету қажет.
Тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйел адамдардың әлеуетін кеңінен пайдалану – тұрақты дамудың кепілі. Азаматтық қоғам және құқықтық мемлекетте әр адам үшін тұлғалық жетілуге, барлық азаматтардың өз мүдделерін еркін білдіре алуына жағдай жасау маңызды. Гендерлік теңдік – қоғам дамуының негізі.
Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзіреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті болуы керек. Дамудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда әйелдердің елдегі экономикалық және саяси өмірге жан-жақты және белсенді қатысуының маңызы зор.
Жазықбаев Дархан Медеғалиұлы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің төрағасы
Дереккөз: Айқын газеті