Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ведомствоның аумақтық департаменттері мен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері қызметкерлерінің қатысуымен вебинар өткізілді. Онда азаматтардың шағымдарымен жұмыс істеу қағидалары талқыланды.
Клиентке бағытталған мемлекеттік аппарат, жақсы коммуникативтік дағдылары бар және оларды халықпен жұмыс жасауда қолдануға қабілетті мемлекеттік қызметшілер - Агенттік пен этика жөніндегі уәкілдердің қолданыстағы институтының қызметіндегі басым бағыт.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұтынушы азаматтармен күнделікті қарым-қатынасқа түсетін мемлекеттік қызметшілерге арналған практикалық құрал - танымал шетелдік авторлар Джанелл Барлоу және Клаус Меллердың «Шағым сыйлық ретінде» кітабы болып табылады.
Агенттіктің Әдеп жөніндегі уәкілі Зина Байғаскина мемлекеттік қызмет жүйесінде азаматтардың шағымдарына жаңа көзқарасты қалыптастыру кері байланыстың тиімді тәсілі болып табылатындығын, мемлекеттік органдар жұмысының сапасын жақсартуға және азаматтар тарапынан сенімнің өсуіне ықпал ететіндігін атап өтті.
«Біз бір азаматтың шағымында осындай, бірақ айтылмай қалған 26 шағым тұрғанын ескеруіміз керек. Шағым көбінесе наразылықтың себептерін талдау және болашақта жол бермеу үшін жақсы негіз болады», - деп атап өтті Агенттіктің бас консультанты Шыңғыс Ағжанбаев.
Онлайн-кездесуге қатысушылар кітап авторларының пайдалы кеңестерін талқылады, атап айтқанда, шағымды тыңдай отырып, өзіңді сыйлық алып жатқандай ұстау; наразы азаматтармен қарым-қатынас жасау қағидаларын қалай қолдану; жазбаша шағымдарға қалай жауап беру, өз және ұйымның игілігі үшін сынға сындарлы қарау. Бұл дағдылар мемлекеттік қызметшілердің жұмысында аса қажет.