Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізбесін анықтау туралы

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізбесін анықтау туралы

Үкіметтің 2020 жылғы 2 қазандағы № 636 қаулысымен Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Осылайша, Қағидалардың 11-тармағына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейініне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.

Мемлекеттік қызметшілерді кәсіптік даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз ету мақсатында «Б» корпусы әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мынадай біліктілік талаптары қойылады:

1) біліктілікті арттыру бойынша сабақтарды ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы немесе магистрі академиялық дәрежесі бар және кәсіптік қызметте практикалық тәжірибесі бар және/немесе семинар тақырыбына сәйкес келетін салада кемінде соңғы 3 жыл тренингтер өткізіп жүрген адамдардың өткізуі;

2) біліктілікті арттыру бойынша сабақтардың дәріскерлердің кемінде 40 % ұйымның штаттық қызметкерлері қатарынан тарта отырып жүргізілуі;

3) біліктілікті арттыру семинарларының оқу бағдарламалары мазмұнының тапсырыс беруші мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіне, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа техникалық ерекшелікте айқындалған талаптарға сәйкес келуі;

4) меншік құқығында не жалдау шарттары бойынша тыңдаушылар контингентінің көлеміне, санитариялық-техникалық нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін аудиториялық қордың болуы;

5) меншік құқығында біліктілікті арттыру семинарлары бағдарламаларының тыңдаушылары контингентінің көлеміне сәйкес келетін интернет желісіне қолжетімділікпен қатар, кітапхана қорының, компьютерлік және интерактивті жабдықтардың болуы.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі үйлестіру кеңесі айқындайды.

Осыған байланысты, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға ниеті бар білім беру ұйымдары өз өтінімдерін растайтын құжаттармен қоса a.ibatullin@kyzmet.gov.kz электрондық поштасына жібере алады. Өтінімдерді қабылдау Агенттікпен 2021 жылғы 15 сәуірге дейін жүзеге асырылатын болады. Туындаған барлық сұрақтар бойынша 8-708-425-24-18 нөміріне хабарласа аласыз.