ҚР МҚІА төрағасы Анар Жаилғанова БҰҰ-ның Қазақстандағы жаңа тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори ханыммен онлайн-кездесу өткізді

ҚР МҚІА төрағасы Анар Жаилғанова БҰҰ-ның Қазақстандағы жаңа тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори ханыммен  онлайн-кездесу өткізді

2021 жылғы 16 наурызда агенттік төрағасы Анар Жаилғанова БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы жаңа тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори ханыммен онлайн-кездесу өткізді.

Фриберг-Стори ханымды тағайындалуымен құттықтай отырып, Анар Жаилғанова БҰҰ Даму Бағдарламасы мен мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы агенттіктің басты халықаралық серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Олармен өзара ынтымақтастық БҰҰ-мен ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған негіздемелік бағдарламасын іске асыруға және орнықты даму мақсаттарына, атап айтқанда, барлық деңгейлерде тиімді, есеп беретін және ашық мекемелер құру, сондай-ақ, сапалы қоғамдық қызметтерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

Онлайн кездесу барысында Анар Жаилғанова Дүниежүзілік Банктің қолдауымен еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің 55 пайызы қатысқан - COVID-19 пандемиясының Қазақстанның мемлекеттік қызметіне әсері туралы жүргізілген сауалнама нәтижелерімен бөлісті. Сауалнама қорытындысына сәйкес  мемлекеттік қызметшілер баламалы жұмыс жағдайларын – икемді кестені, қашықтықтан жұмыс істеуді, жұмыс процестерін цифрландыруды енгізуге және Агенттіктің iQyzmet платформасының көмегімен мемлекеттік қызметшілер үшін цифрлық жұмыс орнын құру жөніндегі жоспарларына оң баға берді.

Микаэла Фриберг-Стори ханым өз тарапынан Қазақстанда және одан тыс жерлерде БҰҰ-ның басқа да құрылымдарын тарта отырып, Агенттіктің қызметіне және орнықты даму мақсатының негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Тараптар бір-біріне қызметте табыс тілеп, өзара жақын әрі жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.