Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2020 жылғы жұмысы қорытындыланды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  2020 жылғы жұмысы қорытындыланды

2021 жылғы 10 ақпанда онлайн режимде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алқа отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның, БАҚ өкілдері, Агенттіктің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен аумақтық департаменттерінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында Агенттіктің 2020 жылғы жұмысының қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен оларды іске асыру жоспарлары талқыланды.

Ведомство басшысы Анар Жаилғанова Агенттіктің өткен жылғы жұмысының қорытындыларына тоқтап өтті.

«Өткен жылы мемлекеттік қызметті кәсібилендіру бойынша тиісті жұмыстар жалғасын тапты. Сапалық құрам жақсартылды, меритократия қағидатын сақтау және кадр тұрақтылығы көрсеткіштері жақсарды. 2019 жылмен салыстырғанда шетелдік білімі бар мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік басқару академиясын бітірушілердің саны артты»-деді Агенттік төрағасы.

Сондай-ақ, Анар Жаилғанова Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруды атап өтті, бұл кадрлардың жұмыстан кету деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру, құжат айналымын азайтуға әкелетін бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдануда, сондай-ақ факторлық-балдық шкала бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі апробациядан өтуде.

Президенттің 2020 жылғы 13 қарашадағы Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылы 67 мемлекеттік саяси қызметші ротацияланатын болады.

Агенттік төрағасы сондай- ақ, мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары білікті жас мамандарды тарту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын, 2019 жылы өткізілген іріктеу нәтижесінде Президенттік жастар кадр резервіне 300 перспективті мамандардың  іріктелгенін, ал ағымдағы жылы іріктеу тәсілдеріне кейбір өзгерістер енгізіле отырып 50 тәжірибелі кәсіби мамандарды таңдап алу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын оңтайландыру мақсатында 13 ақпараттық жүйе біріктіріліп, мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыру жүзеге асырылуда.

Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету көрсеткіші 2 есе өсті. Ведомство басшысы: "БҰҰ рейтингісіне сәйкес (UN Global E-GovernmentDevelopmentIndex) 2020 жылы "электрондық үкіметтің" даму көрсеткіштері 10 позицияға жақсартылды және Қазақстан 193 елдің арасында рейтингте 29-орынға тұрақтанды"-деді.

Бақылау функциялары шеңберінде 2020 жылы агенттік 600-ден астам тексеру жүргізді, Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 100 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.

Анар Жаилғанованың айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі халықаралық ынтымақтастықты  қарқынды дамытуда. Агенттіктің  белсенді шетелдік серіктестерінің бірі – БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш: «Агенттік Қазақстандағы БҰҰДБ-ның жиырма жылдан астам уақыттан бері негізгі серіктесі болып келеді, осы кезеңде біз көптеген ауқымды бастамаларды, соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесін әзірлеуді және құзыреттер жүйесін әзірлеу мен мемлекеттік сектордағы адам ресурстарын басқаруға инновациялық тәсілдерді енгізуді қоса жүзеге асырдық"- деп атап өтті. 

Сондай-ақ, Якуп Бериш Агенттік пандемияға байланысты сын-қатерлерге жұмыстың жаңа әдістерін енгізу бойынша жедел шаралар қабылдау арқылы төтеп бере алғанын,  бұл инновациялық, тұрақты және тиімді мемлекеттік қызметті құру үшін маңызды қадамдар болғанын айтты.

Сонымен қатар, алқа отырысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов,  Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Қазақстанның HR-менеджерлері қауымдастығының президенті Гүлмира Раисова баяндама жасады.

Іс-шара соңында Агенттік төрағасы Анар Жаилғанова Қазақстанның мемлекеттік қызметін жетілдіруде болып жатқан оң өзгерістердің қарқынын төмендетпеу үшін барлық жағдай жасалатынын атап өтті.