Қазақстанда министрліктердегі жауапты хатшылар институты таратылды - ҚР МҚІА

Қазақстанда министрліктердегі жауапты хатшылар институты таратылды - ҚР МҚІА

2020 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық Заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында министрліктердің аппарат басшылары міндеттерін жүктей отырып, жауапты хатшылар институтын жоюға нақты тапсырма берілген болатын.

Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңынан жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормалар алынып тасталып, аппарат басшыларына қатысты нормалар «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен бекітілді.

Сондай-ақ, аппарат басшысы мен министр арасындағы лауазымдық өкілеттіктер мен жауапкершіліктің аражігін ажырату бойынша тиісті заңнамалық түзетулер көзделген.

2020 жылдың 31 желтоқсанында аталған Заңдар «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды.

Заңдар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.