ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды.

Агенттік төрағасы жұмыс сапары барысында өңір активімен кездесті, азаматтармен жеке қабылдау өткізді, сондай-ақ Анар Жаилғанова Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Өңір активімен кездесуде мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Өз жұмыстарының қорытындылары туралы Агенттіктің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің, облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының басшылары баяндама жасады.

Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз ететін кәсіби мемлекеттік аппарат құруға ерекше назар аударылды.

-  2019 жылы Мемлекет басшысы халықтың барлық талап-тілектері жедел ескерілетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндетін қойды. Сондықтан бүгінде мемлекеттік қызмет саласына көптеген жаңашылдықтар енгізілуде. Олардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі мен кәсібилігін, халықтың билік институттарына деген сенім деңгейін арттыруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды төмендетуге,  сондай-ақ, мемлекеттің жаңа экономикалық саясатын іске асыру жағдайында мемлекеттік аппараттың тиімділігіне бағытталған» – деп атап өтті Анар Жаилғанова.

Сондай-ақ, азаматтарды қабылдауда электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы және мемлекеттік қызметті өткерудің  жекелеген ережелеріне қатысты мәселелер қозғалды.

Агенттік төрағасы өтініш берушілерге азаматтық белсенділігі үшін алғысын білдіріп, қойылған мәселелерді жедел шешуге жәрдемдесуге уәде берді.

Анар Жаилғанова Қарағандыдағы ХҚКО-лардың бірінің жұмысымен де танысты.

Агенттік басшысына цифрлық технологияларды пайдалана отырып, пилоттық жобаны іске асыру туралы айтылды. Облыс тұрғындары QR-код арқылы шағым немесе өтініш бере алады. Ол әрбір ХҚКО-да қолжетімді орындардағы стендтерде орналасқан. QR-кодты сканерлеу қажет, сол кезде жүгінген адаммен қызметкер хабарласады, мәселені жедел шешуге көмектеседі.

Агенттік төрағасы азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті.

Қарағанды облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Агенттік төрағасы Анар Жаилғанова өңірдің мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы өзекті мәселелерге көбірек көңіл бөлуді және азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қоюды тапсырды.