Мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект құралдарын игеруіне арналған консультациялық кездесу өтті

Мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект құралдарын игеруіне арналған консультациялық кездесу өтті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай 01.AI компаниясының бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті төрағалық ететін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің халықаралық сарапшысы Кай-Фу Лимен кездесті.

Кездесудің мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, кадрлық процестерді цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектіні тиімді қолдануға оқыту және осы бағытта олардың біліктілігін арттыруға консультациялық қолдау көрсету.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын атап өтті.

Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Оның аясында мемлекеттік аппаратты проактивті, сервистік және деректерге негізделген басқару моделіне көшіруге басымдық берілген. Агенттік іске асырып жатқан үш жоба жалпыұлттық стратегиялық жобалар тізбесіне енгізілген.

Бүгінде мемлекеттік қызметке іріктеудің e-Qyzmet жүйесі 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні қамтып, 400-ден астам кадрлық процесті автоматтандырған. Сондай-ақ, 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған.

Кездесуде кадрлық процестерге ЖИ-агенттерді енгізу, HR-аналитика, адами ресурстарды болжамды жоспарлау, сондай-ақ ЖИ қолданудың нормативтік және этикалық негіздерін жетілдіру мәселелері қаралды.

Сонымен қатар 01.AI сарапшыларын «AI Governance 500» бағдарламасына тарту және мемлекеттік қызметшілерді ЖИ тиімді қолдануға оқыту және осы бағытта олардың біліктілігін арттыру жұмыстары талқыланды.