Мемлекеттік қызметті цифрландыру тәжірибесі Кенияда таныстырылды

Мемлекеттік қызметті цифрландыру тәжірибесі Кенияда таныстырылды

22-25 қыкүйек аралығында Кенияның Момбаса қаласындағы Кения мемлекеттік басқару мектебінде «Көшбасшылық: озық мемлекеттік басқару және жүйелі ойлау – мемлекеттік секторды трансформациялау үшін цифрлық технологияларды пайдалану» тақырыбында стратегиялық көшбасшылық жөнінде 6-шы семинар өтті. Халықаралық іс-шараға 14 елден 160 делегат қатысты.

         Семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Бекіш қатысып, «Цифрлық технологиялар – озық басқарудың тетігі» тақырыбындағы сессияда баяндама оқыды.

          Өз сөзінде Ұлан Бекіш еліміздің мемлекеттік секторды цифрлық тарнсформациялау бағытындағы тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды.

          Атап айтқанда, Агенттік төрағасының орынбасары интеграцияланған ақпараттық жүйе – «E-Qyzmet» платформасының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, жүйені енгізу кадрлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, конкурстық іріктеу үдерісін оңтайландыруға және адами ресурстарды обьективті деректер негізінде басқаруға мүмкіндік берді.

          Семинар барысында халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың басшылары және ғылыми қауымдастық өкілдері жүйелі ойлау тәсілдерін қолдану, деректерді тиімді пайдалану, этикалық нормаларды нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ халықпен кері байланыс тетіктерін институционалдандыру мәселелерін талқылады.

          Халықаралық семинар Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрландыру саласындағы тәжірибесін шетелдік әріптестермен бөлісуге және мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.