Мемлекеттік қызметке даярлаудың жаңа тетіктері Қоғамдық кеңес отырысында қаралды

Мемлекеттік қызметке даярлаудың жаңа тетіктері  Қоғамдық кеңес отырысында қаралды

23 қыркүйекте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында мемлекеттік қызметке даярлаудың жаңа тетіктері талқыланды.

Отырыста Агенттіктің Мемлекеттік қызметке дайындау және кіру департаментінің директоры Нұрсұлтан Бекінов 1 шілдеден бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңда көзделген мемлекеттік қызметке даярлау институты бойынша баяндама жасады.

Оның айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік қызметке ерте кәсіптік бағдар беруден бастап, төменгі және басшы лауазымдарға орналасуға даярлауды қамтитын үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең – бастапқы даярлау. Бұл бағытта орта білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары арасында мемлекеттік қызмет жүйесі туралы ақпарат беруге және кәсіби бағдарлауға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Екінші кезең – төменгі лауазымдарға орналасуға даярлау. Бұл бағытта азаматтарды отандық ЖОО-да мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыту және жыл сайын гранттар бөлу көзделген. Білім беру гранттарын бөлудің басым бағыттарының тізбесі мемлекеттік органдардың кадрларға қажеттілігіне сәйкес Агенттік тарапынан жыл сайын қалыптастырылады.

Мемлекеттік білім беру гранты есебінен ЖОО-ның бакалавриатында білім алып, оқуын сәтті аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте олар мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.

Үшінші кезең – басшы лауазымдарға орналасуға даярлау. Төменгі лауазымдарда белгіленген міндеттерін сәтті орындаған мемлекеттік қызметшілерге магистратура бағдарламалары арқылы басшылық лауазымдарға даярлану мүмкіндігі беріледі. Бұл бағыттағы оқыту Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.

Бағдарлама түлектеріне белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік органдардың басшы лауазымдарына конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кезеңді аяқтаған түлектер де мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.

Іс-шара барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жоюға бағытталған бастамаға оң баға беріп, оның мемлекеттік қызметке даярлау жүйесін жетілдіру мен мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырудағы маңызын атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметке кәсіби кадрларды даярлау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.