
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорсимен кездесті.
Тараптар мемлекеттік қызметті жаңғырту, цифрлық HR, жасанды интеллектіні қолдану және озық тәжірибе алмасу мәселесін талқылады.
Дархан Жазықбай Қазақстандағы мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту бағытындағы реформалармен таныстырды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтің гибридті моделі, тәлімгерлік институты, ерте кәсіптік бағдар беру тетіктері және цифрлық HR құралдары туралы айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың қызметі, ең алдымен, нақты нәтижеге және қоғам игілігіне бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланып, олардың мәселелерін тиімді шешу. Президент айқындаған «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатының мәні де осында», – деді Агенттік Төрағасы.
Кездесуде жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметке қолдануға ерекше назар аударылды. «AI Qyzmet» және «AI Governance 500» бағдарламалары аясында 83 мыңнан астам мемлекеттік қызметші жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдылары бойынша оқытылғаны айтылды.
Британдық делегацияға «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Жүйе HR-процестерді автоматтандыруға, деректерді иесіздендіруге және ЖИ негізіндегі прокторингті қолдануға мүмкіндік береді.
Салли Аксуорси Қазақстанның цифрлық HR, жасанды интеллектіні пайдалану және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу салаларындағы тәжірибесіне қызығушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл бағыттар Ұлыбританияның «Болашақтың мемлекеттік қызметі» бағдарламасы аясында практикалық қызығушылық тудырады.
Кездесу соңында тараптар мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытындағы тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.