Агенттікте білім беру жүйесінде академиялық адалдық пен парасаттылық қағидаттарын дамыту мәселелері талқыланды

Агенттікте білім беру жүйесінде академиялық адалдық пен парасаттылық қағидаттарын дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық пен парасаттылықты дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.

Талқылауға Агенттік     Төрағасының     орынбасары Салауат Мүксимов, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ

Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Бекіш, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің проректоры Жайнагүл Дүйсебекова қатысты.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда Агенттік, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Академиялық адалдық лигасы арасында білім беру саласында академиялық адалдық қағидаттарын нығайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Меморандумды іске асыру шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жоғары оқу орындарының Академиялық адалдық лигасына қатысу аясы кеңейіп, мектептер мен колледждерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар енгізілуде.

Кеңес барысында Агенттік өкілдері білім беру жүйесінде академиялық адалдықты одан әрі дамыту тұжырымдамасының жобасын, сондай-ақ оны іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасын таныстырды.

Жобаның негізгі басымдығы болашақ педагогтерді даярлауға және қазіргі педагогтердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Олар білім беру ортасында парасаттылық пен адалдық құндылықтарын ілгерілетуші тұлғалар ретінде маңызды рөл атқарады.

Пилоттық алаң ретінде Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті айқындалады. Онда жаңа оқу жылынан бастап үшінші курс студенттері үшін «Адал азамат құндылықтары» міндетті курсы енгізіледі.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова атап өткендей: «Жобаны іске асыруға дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта оқу-әдістемелік кешен әзірленуде. Пилоттық жоба сәтті іске асырылған жағдайда, келесі жылдан бастап бұл бастама еліміздің барлық педагогикалық жоғары оқу орындарына кеңейтіледі».

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов «Адал азамат»,

«Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» құндылықтары мен қағидаттарын ескере отырып, мемлекеттік білім беру стандарттарын, үлгілік оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Сонымен қатар, кездесу қатысушылары Жол картасына енгізу үшін ұсынылған қосымша бастамаларды талқылады. Олардың қатарында болашақ педагогтің этикалық антын енгізу, мектептерде сабақ басталар алдында парасатты мінез-құлықтың маңыздылығы туралы қысқаша ақпараттық-түсіндіру әңгімелерін өткізу, сондай-ақ Тамыз конференциялары аясында педагогтерге арналған тақырыптық секциялар ұйымдастыру бар.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар академиялық адалдық қағидаттары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру процесінің барлық деңгейлеріндегі ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.