AI саласының ғалымы Кай-Фу Ли Мемлекеттік басқару академиясындағы ЖИ-зертханасының жұмысымен танысты

AI саласының ғалымы Кай-Фу Ли Мемлекеттік басқару академиясындағы ЖИ-зертханасының жұмысымен танысты

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жасанды интеллект саласындағы белгілі ғалым Кай-Фу Ли жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында оған Академия жанындағы Жасанды интеллект зертханасының қызметі таныстырылды.

Кездесу барысында «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» және «Digital Qazaqstan 2026» бағдарламасы аясында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, мемлекеттік қызмет саласындағы цифрлық трансформацияны ілгерілету және жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік қызмет үдерістеріне енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық «Е-қызмет» жүйесінің мүмкіндіктері, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және азаматқа бағдарланған сервистерді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жайлы айтылды.

Бүгінде Академия жанындағы Жасанды интеллект зертханасы мемлекеттік басқару саласындағы инновациялық шешімдерді әзірлеу, оларды сынақтан өткізу және практикаға енгізу бойынша маңызды алаңға айналып келеді. Қазіргі уақытта зертханада отандық суперкомпьютер негізінде жұмыс істейтін 12 мамандандырылған жасанды интеллект агентінен тұратын жүйе іске қосылған. Олардың қатарында мемлекеттік органдар функцияларының қайталануын анықтау, нормативтік-құқықтық актілер арасындағы қайшылықтарды талдау, басшының AI-көмекшісі, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер тізілімін зерделеп, оларды проактивті форматқа көшіру мүмкіндіктерін айқындауға бағытталған шешімдер бар.

Таныстырылым барысында Кай-Фу Ли зертханада қолданылатын үлкен тілдік модельдер (LLM) бойынша пікір алмасып, ұсынылған шешімдердің мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудағы әлеуетіне оң баға берді. Сондай-ақ ол бұл жобаның Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасарлары Әлібек Ахмедияр мен Ұлан Бекіш, Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун, Академия ректоры Азамат Жолманов мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект технологияларын дамыту, цифрлық шешімдерді жетілдіру және осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, халықаралық сарапшы алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.