Агенттікте Мемлекеттік қызметші күні атап өтілді

Агенттікте Мемлекеттік қызметші күні атап өтілді

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде кәсіби мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға мемлекеттік қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар қызметкерлері, Агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясының ұжымы қатысты.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай құттықтау сөзінде сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастырудағы мемлекеттік қызметшілердің міндетіне тоқталып, мемлекеттік аппараттың қызметі адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарына негізделіп, қоғамның бүгінгі талаптарына сай бейімделуі қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, жақында күшіне енетін Халықтық Конституцияда айқындалған құндылықтарды қоғамдық санада ілгерілетудегі мемлекеттік қызметшілердің рөліне назар аударып, Әділетті Қазақстанды құру жолында «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары басшылыққа алынуы тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік аппараттың жұмысын адамға бағдарланған әрі барынша сервистік сипатқа көшіруді көздейтін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның негізгі мақсатына тоқталды.

Іс-шара барысында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметшілер елге адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік қызмет ардагерлері «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге «Үздік мемлекеттік қызметші» медалі табысталды.

Салтанатты жиында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды қабылдауға үлес қосқан Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген қызметшілерді ынталандыру және олардың мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Бұдан бөлек, лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарған мемлекеттік қызметшілер Агенттік төрағасының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Ақпарат үшін: Бүгінгі таңда елімізде  83 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40,5 жасты құрайды, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 33,2%. Мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 12,1 жылды құрайды.