Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын жаңғырту тақырыбындағы дөңгелек үстел

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясын жаңғырту тақырыбындағы дөңгелек үстел

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде GOVHR FORUM 2026 аясында «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияларды жаңғырту құралы ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынның мақсаты – Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу процесіне халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен үздік шетелдік тәжірибелерді интеграциялаудың практикалық тәсілдерін талқылау және әзірлеу.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, GRECO Президенті Дэвид Мейер, Португалияның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органының Президенті Хосе Антонио Мурас Лопес, Иордания Хашимит Корольдігінің Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссиясының Төрағасы Хазим Альмаджали, Черногорияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Вице-президенті Младен Томович, БҰҰ ЕҚБ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік кеңесші Владимир Козин, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі құқық қорғау жобаларының басшысы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі талдаушы Андрий Кухарук, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл желісінің Стамбұл іс-қимыл жоспарының вице-төрағасы Анка Юрма, GRECO Бюросының мүшесі, Кипр Республикасы Заң қызметінің аға заң кеңесшісі Алексия Калиспера, сондай-ақ отандық уәкілетті органдарының басшылары, бизнес, квазимемлекеттік сектор және академиялақ қауымдастық өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Іс-шарада Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай қазіргі таңда Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы алдағы 5 жылға арналған жаңа стратегиялық құжатты әзірлеу кезеңінде екенін атап өтті. Аталған құжат БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы, GRECO ұсынымдары және ЭЫДҰ-ның Ыстамбұл іс-қимыл жоспары аясындағы халықаралық ұсыныстарға негізделеді.

Сонымен қатар, Агенттік төрағасы пара беруді уәде ету және ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу, заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру және мүдделер қақтығысын басқарудың жаңа тәсілдерін қолдану және өзгеде бірқатар мәселелер бойынша еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына енгізілген жаңашылдықтарға тоқталды.

Сондай-ақ, мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтауға арналған цифрлық HR құралдарын енгізу, «лауазымдарды ауыстыру» және «алшақтату кезеңі» тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыстардың жалғасып жатқаны айтылды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың заманауи жүйесінің негізгі элементтерінің бірі ретінде хабарлаушыларды қорғау институтын нығайтуға ерекше назар аударылды. Бұл ретте олардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша қосымша кепілдіктер енгізу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы хабарламаларға мемлекеттік органдардың жедел ден қою тетіктерін күшейту көзделуде.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің институционалдық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және олардың корпоративтік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту мәселелері қаралды.

Дөңгелек үстел аясында қатысушылар халықаралық тәжірибе мен ұлттық реформаларды ұштастырудың өзекті бағыттарын талқылап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған тиімді құралдарды бірлесіп айқындау қажеттігін атап өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар алдағы стратегиялық құжатты әзірлеу барысында ескерілетін болады.