Жаһандық HR трендтер мен мемлекеттік басқару реформалары талқыланды

Жаһандық HR трендтер мен мемлекеттік басқару реформалары талқыланды

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасы Дархан Жазықбай GOVHR FORUM 2026 аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

GovHR Форумы – мемлекеттік кадр қызметін жетілдіруге, заманауи HR құралдарын енгізуге және адами ресурстарды басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды халықаралық алаң.

Екіжақты кездесулер барысында  Дархан Жазықбай Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Кадрлар және қағидаттар жөніндегі бас басқармасының Бас директоры Билал Шентүрікпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар адами капиталды дамыту бойынша қолға алынған жұмыстарды жалғастыру, алдағы уақытта мемлекеттік қызметті цифрландыру және мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша бірлескен жобаларды қолға алу мәселелерін талқылады.

Агенттік төрағасы өз сөзінде «Біз Түркияның адам ресурстарын дамыту, таланттарды басқару және мемлекеттік қызметті жаңғырту салаларынадғы тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта көшбасшылық құзыреттерді қалыптастыру, цифрлық HR-шешімдер және мемлекеттік қызметшілерді даярлау бойынша ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор» деді.

Агенттік төрағасы Армения Республикасы Премьер-Министрі Аппаратының Мемлекеттік қызмет бюросының басшысы Ваче Калашянмен кездесіп,  Қазақстан мен Арменияны тарихи достық және халықаралық деңгейдегі тығыз ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.  Сонымен қатар кадрлық процестерді цифрландыру бағытындағы нәтижелі жұмыстармен бөлісті. Мәселен  конкурстардың мерзімі 5-7 жұмыс күніне дейін қысқаруы, онлайн-прокторингтің адами факторды азайтуы, жаңа мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес лауазым 3 айдан астам бос тұрса жүйе автоматты түрде конкурсты жариялауы жайлы айтылды. 2026 жылдың қаңтар–маусымында 11 мыңнан астам бос лауазымға 62 мыңнан астам азамат қатысты, бір орынға орта есеппен 6 үміткерден келді. Бұл дәстүрлі жүйеден 3,5 есе жоғары.

Армениялық делегация мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық e-Qyzmet жүйесін жоғары бағалап, қызығушылық танытты.

Дархан Жазықбай Босния және Герцеговина Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Рефик Бегичпен кездесуде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңашылдықтарына тоқталып, негізгі бағыттарын таныстырды. Заңда кәсібилік, клиентке бағдарлану, мінсіз бедел және мүдделер қақтығысына төзбеушілік қағидаттары айқындалды. Мансаптық және позициялық тәсілді ұштастыратын гибридті модель мен көлденең өсу тетігі енгізілді. Ерте кәсіптік бағдар беру институтын құру көзделді.

Бұдан бөлек 2024 жылы іске қосылған «Бірыңғай кадр жүйесіне» тоқталып, Президенттік жастар кадр резервінің нәтижелері айтылды.

Жапония Ұлттық кадрлар басқармасының халықаралық байланыстар және оқыту жөніндегі бас директоры Мио Маэдамен кездесуде  мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, меритократияны нығайту және цифрлық трансформация мәселелерін талқыланды. Сондай-ақ Қазақстандағы реформалар, «Әділетті Қазақстан» бағыты, жаңа Мемлекеттік қызмет туралы заңның жаңалықтары таныстырылды.

Екі жақты кездесулердің нәтижесінде тараптар жасанды интеллект технологияларын басқару процестеріне енгізу, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, цифрландыру, меритократияны нығайту бағыттарында өзара ынтымақтастықты нығайтуға  уағдаласты.