Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасы Дархан Жазықбай GOVHR FORUM 2026 аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Екіжақты кездесулер мемлекетік қызметті кәсібилендіру, цифрландыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
GovHR Форумы – бұл мемлекеттік секторда адам ресурстарын басқару саласындағы заманауи тәсілдерді дамытуға, үздік тәжірибелермен алмасуға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді зерделеуге арналған кәсіби халықаралық алаң.
Екіжақты кездесулер барысында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Черногорияның Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукаймен кездесіп, цифрландыру бағыттарын талқылады. Черногорияның мемлекеттік қызметті оңтайландыру, Деректермен электрондық алмасудың бірлескен жүйесін JSERP (Joint System for Electronic Exchange of Data) дамыту, мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту және жасанды интеллектті мемлекеттік секторға енгізуге дайындық бағытындағы бастамалары мен біздің мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық e-Qyzmet жүйесі, цифрлық HR-трансформация тәжірибелері таныстырылды.
Португалияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық механизмі (MENAC) Президенті Жозе Антониу Мураш Лопешпен екіжақты кездесуде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында реформалар таныстырылды. Мәселен пара беруді уәде ету және ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу, заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру және мүдделер қақтығысын басқарудың жаңа тетіктерін енгізу мәселелері атап өтілді.
Бұдан кейін Агенттік төрағасы Иордания Корольдігінің Адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясы Кеңесінің JIACC (ДЖИАКК) Төрағасы Хазим Абдулсалам Аббас Аль-Маджалимен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесуде Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметті жетілдіру салаларындағы тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында ««Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң кәсібилік, клиентке бағдарлану, мінсіз бедел және мүдделер қақтығысына төзбеушілік қағидаттарын айқындады. Мансаптық және позициялық тәсілді ұштастыратын гибридті модель мен көлденең өсу траекториясы енгізілді. Адамға бағдарланған мемлекет – цифрландыру арқылы жүзеге асады. Біздің e-Qyzmet жүйеміз ЭЫДҰ тарапынан инновациялық жоба ретінде танылып, OPSI платформасында жарияланды. Бүгінде Орталық Азия елдері мен Моңғолия осы тәжірибені бейімдеуді зерделеуде», - деді Агенттік төрағасы. Сондай-ақ Иорданияның NIACS 2026–2030 стратегиясы мен превентивті антикоррупциялық тетіктері ерекше назарға алынды.
Кейін Дархан Жазықбай Еуропа Кеңесі жанындағы ГРЕКО Президенті Дэвид Мейермен өткен кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды енгізу, институционалдық реформаларды күшейту мәселелері талқыланды.
Агенттік төрағасы қазіргі таңда Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы алдағы 5 жылға арналған жаңа стратегиялық құжатты әзірлеу кезеңінде екенін атап өтті. Аталған құжат БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы, GRECO ұсынымдары және ЭЫДҰ-ның Ыстамбұл іс-қимыл жоспары аясындағы халықаралық міндеттемелерге негізделеді.
Түркия Республикасының Өлшеу, іріктеу және орналастыру орталығының (ÖSYM) Президенті Байрам Әли Эрсоймен кездесу өтті. Кездесуде Түркияның мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі KPSS жайлы айтылып, еліміздегі цифрлық іріктеу жүйесінің артықшылықтары таныстырылды. Мәселен, коркурстардың мерзімі 5-7 жұмыс күніне дейін қысқаруы, онлайн-прокторингтің адами факторды азайтуы, жаңа мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес лауазым 3 айдан астам бос тұрса жүйе автоматты түрде конкурсты жариялауы жайлы айтылды.
Екі жақты кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, цифрландыру, меритократияны нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағыттарында өзара ынтымақтастықты одан сайын нығайтуға уағдаласты.