
Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері Астана қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қоғамдық мониторинг жүргізді.
Мониторингтің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысымен танысу, азаматтарға қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен тиімділігін бағалау, сондай-ақ қызметтердің электрондық форматта ұсынылу үдерісіне қоғамдық бақылау жүргізу. Іс-шара барысында Қоғамдық кеңес мүшелері өтініштерді қабылдау мен дайын құжаттарды беру тәртібімен, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету механизмдерімен, қызмет көрсету залдарының жұмысымен және азаматтарға цифрлық қызметтерді ұсыну тәжірибесімен танысты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында азаматтарға 74,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдар арқылы – 54,9 миллионнан астам, жергілікті атқарушы органдар арқылы – 19,9 миллионнан астам қызмет ұсынылды. Ал Мемлекеттік корпорация арқылы 3,9 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу және ауыстыру, көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару, жүргізуші куәліктерін беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және өзге де әлеуметтік маңызы жоғары қызметтер бар.
Қоғамдық мониторинг барысында халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның негізгі жаңашылдықтары түсіндірілді. Атап айтқанда, азаматтарға қызмет көрсету кезінде клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін ұстану, өтініштерді қарау барысында формалды негіздер бойынша негізсіз бас тартуға жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді сапалы және тиімді көрсету қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тұрақты бақылауында. Осы бағыттағы жұмыстар шеңберінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын азаматтардың пікірлері мен өтініштері жүйелі түрде зерделеніп отырады. Мәселен, Ақтау, Алматы және Шымкент қалаларындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне қатысты жарияланған сыни материалдар мен азаматтардың шағымдарына талдау жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстар енгізді.