
2026 жылғы 12 маусым күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен Қазақстан Республикасы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті.
Жиын барысында 2023–2025 жылдар аралығындағы кезеңде «Сот сараптамалары орталығы» РМҚК және оның 20 аумақтық филиалының қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары талқыланды.
Аталған сыртқы талдау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде 2026 жылғы ақпан - мамыр айлары аралығында жүзеге асырылды.
Талдау нәтижесінде 67 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жоюға бағытталған 55 ұсыным әзірленді. Ұсынымдардың бір бөлігі талдау жүргізу барысында іске асырылды.
Сыртқы талдау барысында жекелеген әкімшілік рәсімдердің жеткілікті деңгейде регламенттелмеуі, сондай-ақ процестерді цифрландыру және автоматтандыру деңгейін арттыру қажеттілігіне байланысты тәуекелдер анықталды.
Сонымен қатар сот сараптамасы объектілерін қабылдау, сақтау және пайдалану, заттай дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріндегі тәуекелдерге ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша анықталған тәуекелдерді жою және сот-сараптама қызметі саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар қаралды. Сондай-ақ Ғылыми-әдістемелік кеңестің қызметін және валидация жүргізу тәртібін регламенттеудің орындылығы туралы шешім қабылданды.
«Е-сараптама» ақпараттық жүйесінде сараптама материалдарын тіркеу, есепке алу және оларды кездейсоқ бөлу модулін енгізу арқылы процестерді автоматтандыру ұсынылды.
Алдағы уақытта бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және персоналды басқару салаларында ішкі бақылау күшейтілетін болады.