Мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Қоғамдық кеңестің а.ж. 28 мамырда өткен кезекті отырысында мемлекеттік органдар мен халық арасындағы қарым-қатынастың тиімділігін айқындайтын және тұрғындардың мемлекеттік аппаратқа деген сеніміне тікелей әсер ететін тетіктердің бірі ретіндегі клиентке бағдарланған әдістерді енгізу бойынша заңнамалық бастамалар талқыланды.

2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Қабылданған өзгерістер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және мемлекеттің азаматтармен өзара іс-қимылының клиентке бағдарланған моделін қалыптастыруға бағытталған.

Заңның жаңа редакциясының негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік органдардың қызметіне клиентке бағдарланған тәсілді енгізу, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және процестерді цифрландыру болып табылады.

Алғаш рет заңнамалық деңгейде мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағдарланған мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының клиентке бағдарланған моделін қалыптастыратын нормалар бекітілді.

Атап айтқанда:

- қызмет көрсетуден «формалды» негіз бойынша бас тартуға жол бермеу» қағидаты енгізілді. Бұл бойынша өтініш пен құжаттар түгел не дұрыс болмаған жағдайда қызмет алушыға қызмет көрсетуден бас тартуға жол берілмейді және оларға құжаттарын түзетуге мүмкіндік беріледі.

- «көрсетілетін қызметті алушы» ұғымы кеңейтіліп, ол санатқа «мемлекеттік қызмет алуға өтініш беруге ниет білдірген тұлғалар» ұғымы енгізілді. Бұл осы санаттағы тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін өтініш бергенге дейін қорғауға мүмкіндік береді;

- мемлекеттік қызметтер көрсету процесінің барлық қатысушыларын реттеу мақсатында «көрсетілетін қызметті бірлесіп беруші» ұғымы енгізілді. Бұл қызмет көрсетуге қатысатын және олардың әрекеті нәтижеге әсер ететін қосалқы рөл атқаратын тараптардың жауапкершілігін нақты анықтай отырып, қызметті бірлесіп беруші тарапынан кешігулер орын алған жағдайда оны жауапкершілікке тарту тетігі нақты көрініс тапты;  

- қызмет алушылардың құқықтары кеңейтіліп, олардың мемлекеттік қызметтерді заңды өкіл арқылы алу құқығы заңнамалық түрде бекітілді. Бұл кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері, қорғаншылары мен қамқоршылары үшін өте маңызды;

- жаңа қызметтер бойынша 3 ай ішінде қағида бекіту міндеттемесі белгіленді. Бұл талап жекелеген мемлекеттік органдардың жаңа қызметтер көрсетуге арналған  қағидаларды ұзақ уақыт бойы бекітпей жүре беретін олқылықтарына жол бермейтін болады;

- Қызмет көрсету мерзімін тоқтата тұру институты енгізіліп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тоқтата тұрудың нақты талаптары айқындалды;

Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында 2026 жылғы 12 шілдеден күшіне енетін осы және басқа да нормалар әкімшілік кедергілерді айтарлықтай төмендетіп, қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және оның сапасын арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.

Қоғамдық кеңес мүшелері отырыстағы талқылаулар нәтижесі бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру бойынша қажетті шаралар кешенін қабылдауды ұсынды.