Агенттік төрағасы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

Агенттік төрағасы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

Сапар барысында Агенттік төрағасы облыс активімен кездесу өткізді. Кездесуде адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік қызметтерді алушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы негізгі өзгерістер мен басымдықтар таныстырылды.

Іс-сапар аясында Дархан Жазықбай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде белсенді жастармен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету мақсатында жоғары оқу орнын үздік аяқтаған (GPA 3,33-тен жоғары) түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгінде республика бойынша осы мүмкіндік арқылы 788 жас жұмысқа орналасқан, оның ішінде 62-сі Ақтөбе облысына тиесілі. Олардың қатарында аталған университеттің 24 түлегі бар. Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметке іріктеудің толық цифрлық форматқа көшкенін атап өтті. «Іріктеу үдерісі толық цифрландырылды. Бұл адами факторды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды көздейді. Әрбір үміткерге жеке ID-нөмір беріледі, ал жұмыс беруші олардың аты-жөні мен жеке деректерін көрмейді. Жаңа іріктеу жүйесінде үміткерлерге конкурсқа өзі қалаған уақытта және әлемнің кез келген жерінен қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл географиялық шектеулерді жойып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз  етті», – деді Агенттік төрағасы.

 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу өткізілді. Нәтижесінде республика бойынша 543 жас резервке алынса, оның 25-і Ақтөбе облысынан. Олардың ішінде аталған университеттің 12 түлегі бар.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет ардагерлерін «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар лауазымдық міндетін үлгілі атқарған бірқатар мемлекеттік қызметшілерге Агенттік төрағасының Грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.

Жұмыс сапарының қорытындысында Дархан Жазықбай «Aqtobe» телеарнасы эфиріндегі «Елге қызмет» бағдарламасына сұхбат беріп, мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарындағы жұмыстар туралы айтты.