Мемлекеттік басқарудағы кадр сапасын арттыруға басымдық берілуде

Мемлекеттік басқарудағы кадр сапасын арттыруға басымдық берілуде

            14 сәуірде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Amanat партиясының кадрлық активтің функционалдық құзыреттерін дамытуға арналған оқыту бағдарламасының ашылу рәсіміне қатысты.

            Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Мәжіліс және мәслихат депутаттары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары мен салалық сарапшылар қатысты.

            Аталған жиын «Үздік партияға – үздік кадрлар» жобасы аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы басқарушылық құзыреттерді дамытуға, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, депутаттық корпус пен партия мүшелері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

            Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын дөп басып, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, түсіне білуге, соған сәйкес дер кезінде тиімді шаралар қабылдауға және негізделген шешімдер шығаруға қабілетті болуы тиіс. Бұл – негізгі талап. Олар «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын берік ұстануға тиіс», – деп атап өткен болатын.

            Осыған байланысты кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға ерекше мән берілуде. Агенттік Amanat партиясымен бірлесіп жүзеге асырған жобалар аясында 2 мыңнан астам ауыл әкімі қайта даярлаудан өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі ашық әрі бәсекелі форматта жүзеге асырылуда. Саяси және «А» корпусының лауазымдарына өткізілген іріктеулер нәтижесінде түрлі сала өкілдері басшылық қызметтерге тағайындалды.

            Дархан Жазықбай өз сөзінде: «Қазақстанның «E-қызмет» жүйесін қолдану тәжірибесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сарапшылары тарапынан жоғары бағаланып, Мемлекеттік сектордағы инновациялар обсерваториясы (OPSI) платформасында табысты инновациялық тәжірибе ретінде жарияланды. Бұл еліміздің мемлекеттік қызметтегі персоналды басқаруды цифрландыру саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді», – деп атап өтті.

            Жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту бағытында да нақты нәтижелер бар. Президенттік жастар кадр резерві арқылы 450 жас іріктеліп, олардың басым бөлігі мемлекеттік қызметке орналастырылды. Өңірлік резервтер аясында 500-ден астам жас тартылып, 800-ге жуық үздік түлек конкурстан тыс негізде қабылданды.

            Мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында толық цифрлық іріктеу жүйесі енгізілді. Нәтижесінде бір бос орынға үміткерлер саны 3,5 есеге артты. Сонымен қатар бос лауазымдарды толтыру мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және қоғам сенімін нығайтуға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.