Агенттік мемлекеттік қызметті цифрландыру мен кадрлық реформаларды күшейтуде

Агенттік мемлекеттік қызметті цифрландыру мен кадрлық реформаларды күшейтуде

10 сәуір  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әлібек Ахмедьяр Баку қаласында Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығының 10 жылдығына арналған «Бағалау жүйелері: сенім, ашықтық және инновациялар» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

          Аталған халықаралық іс-шара білім беруді бағалау мен мемлекеттік қызмет саласындағы үздік тәжірибелерді талқылауға бағытталған. Конференция жұмысына Әзірбайжан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Мысыр, Оңтүстік Африка Республикасы және Кениядан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардан 200-ден астам өкіл қатысуда. Конференция жергілікті және халықаралық сарапшылардың қатысуымен панельдік пікірталастар және секциялық отырыстар форматында жалғасады.

          Панельдік сессиялар білім беру жүйесіндегі бағалаудың стратегиялық рөліне, жаппай емтихандарға, цифрландыру дәуіріндегі кадр саясаты мен адами капиталды дамыту мәселелеріне арналған. Секциялық отырыстар жазбаша жұмыстарды бағалау, халықаралық бағалау зерттеулері, тілдік бағалау, шығармашылық пен дағдыларды бағалау, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу, құзыреттілікке негізделген бағалау және электрондық емтихан жүйелері сияқты тақырыптарды қамтиды.

          Конференция барысында Ә.Ахмедьяр Қазақстан үшін бұл тақырыптың тек теориялық сипатқа ие емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе мемлекеттік қызметшілерді іріктеу, оқыту және басқару жүйелерімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасымен тікелей байланысты. «Біздің мақсатымыз – кәсіби, есеп беретін және халықтың қажеттіліктеріне тиімді жауап беретін мемлекеттік қызметті қалыптастыру», – деді ол.

          Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту, цифрлық іріктеу тетіктерін жетілдіру және қызметшілердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. 2025 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, іріктеу кезеңдерінің мерзімдері қысқартылды. Бос лауазымдарға үміткерлер заңнаманы білу бойынша тестілеуден өтіп, жеке қасиеттері бойынша бағаланады. Төменгі деңгейдегі лауазымдарға үміткерлер үшін логикалық ойлау, құндылықтық бағдарлар және эмоциялық интеллект деңгейін анықтауға арналған тестілеу енгізілді.

          Сонымен қатар, 2025 жылы мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект құралдарын қолдану дағдыларына үйретуге бағытталған AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы іске қосылды.     Бағдарлама жұмыс процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша 60 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқытылды.

          Бұдан бөлек, мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге қабілетті басқарушы кадрларды даярлауға арналған AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жасанды интеллекттің рөлі мен цифрлық мемлекеттің архитектурасын стратегиялық тұрғыдан түсіндіруден бастап, қатысушылардың ведомстволар мен өңірлерде іске асыруға дайын цифрлық трансформация жобалары мен AI-бастамаларын әзірлеуіне дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.