МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН ЕКІНШІ ОҚЫЛЫМДА ҚАБЫЛДАДЫ

МӘЖІЛІС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫН  ЕКІНШІ ОҚЫЛЫМДА ҚАБЫЛДАДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2026 жылғы 8 сәуірде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, қабылдады. Құжат Қазақстан Республикасы Парламенты Сенатына жолданды.

Заң жобасы мемлекеттік қызмет моделін жаңғыртуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік қызметтің сервистік моделіне көшуді көздейді. Бұл азаматтармен өзара іс-қимылды күшейтуге және мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға мүмкіндік береді.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – кадрлық процестерді толық цифрландыру. Мемлекеттік қызметке іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады, бұл конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін арттырады.

Сонымен қатар заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлқын заңнамалық деңгейде бекітеді. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштеріне уақтылы әрі толық жауап беру міндеті күшейтіледі, формальды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол берілмейді. Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке даярлау институтын енгізу қарастырылған. Бұл жоғары оқу орындары студенттеріне ерте кәсіби бағдар алуға және мемлекеттік қызметке дайындалуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мансаптық өсудің жаңа тетіктері енгізіледі, оның ішінде көлденең мансаптық даму мүмкіндіктері қарастырылған. Құжат мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, артық жұмыс уақыты үшін өтемақы төлеу, қосымша ақылы демалыс беру және өмірлік жағдайларға байланысты қысқа мерзімді демалыс қарастырылған.

Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған нормаларды іске асыру мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттырып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.