Қазақстан өкілдері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаһандық форумына қатысты

Қазақстан өкілдері Экономикалық ынтымақтастық және  даму ұйымы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаһандық форумына қатысты

27 наурызда Париж қаласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі Жаһандық форумы өтті. Іс-шара мемлекеттік қызмет пен жеке сектордың жетекші сарапшыларын біріктіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, адалдық мәдениетін дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылауға арналды.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ЭЫДҰ-ның мемлекеттік басқарудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы және адалдық мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Нейла Сауламен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесінде адалдықты бағалау құралдарын енгізу, сондай-ақ инновациялық, оның ішінде цифрлық шешімдерді қолдану мәселелері қаралды.

Агенттік төрағасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік реформалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Аталған қағидаттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.

Сонымен қатар, Дархан Жазықбай ЭЫДҰ-ның Қаржы және кәсіпкерлік жөніндегі директоратының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Джулия Фромхольцпен кездесті. Кездесу барысында шетелдік лауазымды тұлғаларға пара беруге қарсы механизмдер талқыланып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық желілердің белсенді қатысушысы ретінде жүйелі институционалдық өзгерістер жүргізіп жатқаны айтылды.

Кездесу барысында ЭЫДҰ-ның шетелдік лауазымды тұлғаларға пара беруге қарсы Конвенциясына қосылу Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі екені айтылды. Қазақстан тарапы Конвенция талаптарының негізгі элементтерін ескере отырып, оған кезең-кезеңімен қосылу ниетін білдірді. Аталған Конвенция трансұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірыңғай стандарттарды қалыптастыруға және халықаралық саудадағы адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар ЭЫДҰ құрылымдары мен Қазақстан арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.