Жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жөніндегі жүйелі шаралар

Жол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жөніндегі жүйелі шаралар

2025 жылы автомобиль жолдарының өмірлік циклінің барлық кезеңдерін қамтыған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді сыртқы талдау аяқталды.

Талдау нәтижесінде жоспарлау, құрылыс және техникалық қадағалау салаларындағы жүйелі олқылықтарды жоюға бағытталған 80-нен астам ұсыным әзірленді.

Ел өңірлерінде жүргізілген іс-шаралар барысында 11 млрд теңге көлемінде сметалық құнның негізсіз ұлғайтылуы анықталды.

Әзірлеуге 23 млрд теңге тиімсіз жұмсалған 362 өзектілігін жоғалтқан жобалық-сметалық құжаттама, сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпеген құны 27 млрд теңгені құрайтын 324 нысан анықталды.

70 компанияның 408 млрд теңгеге жуық сомаға келісім-шарттар алу мақсатында жұмыс тәжірибесіне қатысты жалған мәліметтер ұсыну фактілері тіркелді.

Ұсынымдарды іске асыру шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, автомобиль жолдары объектілерінде техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға теңестірілді.

Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ескертулері жойылмайынша жолдарды пайдалануға беруге тікелей тыйым енгізілді.

Саланы цифрландыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай ақпараттық базасы енгізілді. Бұл база нақты карьердің сипаттамаларынан бастап зертханалық сынақ нәтижелеріне дейінгі деректерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Аталған платформа ақпаратты орталықтандырылған түрде жинақтауды қамтамасыз етіп, өнім сапасына қатысты мәліметтерді бұрмалау және өндірушілердің мүдделерін лоббилау тәуекелдерін болдырмайды.

Қабылданған шаралар 2026 жылға жоспарланған 360 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.