
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жаңа Конституция –болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының сарапшылары, жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Жиында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат екеніне тоқталып, бұл бастама Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі бағдар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Дархан Жазықбай Президент ұсынған «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты жаңартылған Ата заң жобасында нақты әрі практикалық мазмұнға ие болғанын жеткізді. Атап айтқанда, алғаш рет конституциялық деңгейде адами капиталды, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту басымдығы бекітілуде.
Сондай-ақ, Агенттік тарапынан осы қағидаттар негізінде әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы жақында Парламенттің қарауына енгізілгені айтылды. Бұл заң жобасы
мемлекеттік қызметтің сервистік әрі клиентке бағдарланған моделін қалыптастыруды, ашық рәсімдер мен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуді, қызметтерді жедел әрі қолжетімді етуді көздейді.
Ашық диалог алаңы ретінде өткен жиында азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының өзіндік ерекшеліктері туралы ойларын ортаға салды. Нәтижесінде әділ әрі тиімді Қазақстанның жаңа архитектурасы кең қоғамдық қолдауға ие болды.