Президенттік жастар кадр резервінің тағы бір мүшесі жаңа қызметке тағайындалды

Президенттік жастар кадр резервінің тағы бір мүшесі жаңа қызметке тағайындалды

2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Даутов Бауыржан Серікұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің консультанты болып тағайындалды.

Бауыржан Серікұлы «Сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша Президенттік жастар кадр резервінің 2025 жылғы резерв мүшесі болып табылады. Даутов Бауыржан Серікұлы 1994 жылғы 9 қаңтарда Алматы облысы Талдықорған қаласында дүниеге келген.

2011 жылы Алматы қаласындағы №40 жалпы білім беретін мектепті «Алтын белгі» иегері ретінде тәмамдаған. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Шығыстану» (корей тілі) мамандығы бойынша үздік бітірді. 2017 жылы Корея Республикасындағы Сонгюнгван университетінің магистратурасын «Саясаттану және дипломатия» мамандығы бойынша аяқтады. 2013–2014 жылдары Корея Республикасындағы Хангук шет тілдері университетінде бір жылдық тағылымдамадан өтті.

Еңбек жолын 2017 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Корея павильонының PR-менеджері ретінде бастады.

2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінде штаттан тыс қызмет атқарды.

2018 жылы Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталықта сарапшы, бас сарапшы және басқарма басшысы қызметтерін атқарды. 2019 жылы Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің саяси бөлімінде маман болды.

2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүйесінде дипломатиялық қызмет атқарып, Азия-Тынық мұхиты өңірі департаментінің атташесі, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің атташесі, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, ал 2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарын атқарды.

2026 жылғы 26 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөліміне консультант болып тағайындалды.

Дипломатиялық дәрежесі — үшінші хатшы (2023 жылы берілген).