Агенттікте Академиялық адалдық стандарттарын іске асыру барысы талқыланды

Агенттікте Академиялық адалдық стандарттарын іске асыру барысы талқыланды

2026 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде білім беру саласында академиялық адалдықты қамтамасыз етуге 2026-2027 жылдарға арналған Меморандумның Жол картасын іске асыру барысын талқылау бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараға Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктерінің, Академиялық адалдық лигасының өкілдері, білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің бірінші басшылары қатысты.

Кеңес барысында Меморандум ережелерін практикалық тұрғыда іске асыру мәселелері, оның ішінде білім беру ортасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу шаралары, білім алушылар мен педагогикалық қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде академиялық адалдық тетіктерін дамыту мәселелері қаралды.

Еске сала кетейік, аталған Меморандум 2025 жылғы 9 желтоқсанда «Адал білім – адал ұрпақ» білім беруде академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі республикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Академиялық адалдық лигасы арасында жасалған.

Меморандумды іске асыру адалдық пен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруға, білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.