Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық ұсынымдардың орындалу барысы талқыланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық ұсынымдардың орындалу барысы талқыланды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық міндеттемелердің орындалу барысына арналған кеңейтілген отырыс өтті. Іс-шара ГРЕКО-ның 1-2 және 3-раундтары, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарының 5-раунды шеңберінде берілген ұсынымдарды іске асыру мәселелеріне арналды.

Отырысқа орталық мемлекеттік органдардың, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері қатысты.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру функциялары Агенттікке жүктелгенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі міндеттемелерін орындау барысы туралы баяндалды.

ГРЕКО-ның 1-2 раундтары бойынша Агенттік ұсынған аралық есептерді ескере отырып, бірқатар ұсынымдар қабылданғаны айтылды. Аталған ұсынымдар бойынша қорытынды бағалау 2026 жылғы наурыз айында өтетін ГРЕКО-ның пленарлық отырысында беріледі деп күтілуде.

Қатысушылар қаржылық тергеулер жүргізу, банк шоттарына қол жеткізу тетіктері, саяси партиялардың қаржылық есептілігіне қойылатын аудит талаптары, сондай-ақ халықаралық конвенцияларды ратификациялау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қорытынды сөзінде Дархан Жазықбай барлық мемлекеттік органдарды халықаралық ұсынымдардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге шақырды. Сондай-ақ, Қазақстан делегациясының 2026 жылғы наурыз айында Страсбург қаласында өтетін ГРЕКО пленарлық отырысына қатысатыны хабарланды.