«Е-қызмет» жүйесінің жаңа архитектурасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері қорытындыланды

«Е-қызмет» жүйесінің жаңа архитектурасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері қорытындыланды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің, оның ішінде «Бірыңғай кадр жүйесінің» жаңа архитектурасын іске асыру бойынша 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланды.

Жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігініңТөрағасы Дархан Жазықбай және қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының және Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері қатысты.

Іс-шара Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын және «QazTech» платформасында жаңа ақпараттық жүйелерді дамытуға қойылатын талаптарды орындауға бағытталған.

Былтыр Агенттік Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен бірлесіп «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастырып, жүйені «QazTech» платформасына көшірудің бірінші кезеңін аяқтады. Нәтижесінде кадрлық процестерді автоматтандыруға арналған 20 негізгі сервис әзірленіп, іске қосуға дайындалды.

Биыл сервистерді әзірлеудің екінші кезеңін аяқтау, жүйені ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша сынақтан өткізу, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу және мемлекеттік органдарға масштабтау жоспарлануда. Сонымен қатар сыртқы портал мен мобильді қосымшаны әзірлеу де көзделген.

Іс-шара соңында HR процестерін цифрландыру бағытында нәтижелі еңбек еткен Агенттіктің, Мемлекеттік басқару академиясының және Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Инженерлік-техникалық орталығының қызметкерлері марапатталды.