Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Іс-шараға Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай, Қоғамдық кеңес төрайымы Бибігүл Ағыбаева, Қоғамдық кеңес мүшелері мен Агенттік қызметкерлері қатысты.
Мемлекеттік орғандардың жанынан Қоғамдық кеңестердің қалыптастырылуы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылған болатын.
Бүгінгі таңда Қоғамдық кеңестердің институционалдық әлеуеті мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мен оған қоғам өкілдерін тартуда маңызды рөл атқаруда.
Шара барысында Қоғамдық кеңес төрайымы Бибігүл Ағыбаева 2025 жылы атқарылған жұмыстың қорытынды есебін баяндады.
Қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарының басым бөлігі мемлекеттік қызметке қатысты құжаттар мен нормативті құқықтық актілерді бірлесіп қарастырумен, жүзеге асырлатын өзгерістерді жан-жақты зерделеумен, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеумен байланысты болды.
«Мемлекет басшысының Әділетті, Халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру бойынша стратегиялық ұстанымын жүзеге асыруда түйткілді мәселелердің қоғам өкілдерімен бірлесе ашық түрде қаралуы және барлық ұсыныстар мен пікірлердің ескерілуі маңызды. Президенттің «Аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген сөзін тұрақты ескеруіміз керек» - деді Агенттік төрағасы.
Сондай-ақ, Дархан Жазықбай Қоғамдық кеңестің әлеуетін ортақ шешімдер қабылдау мен маңызды мәселелерді жан-жақты зерделеуде алдағы уақытта да тұрақты пайдалану қажеттілігін атап өтті.