Агенттіктің тиімді ұсыныстары құжаттарды цифрландыру қарқынын арттырып жатыр

Агенттіктің тиімді ұсыныстары құжаттарды цифрландыру қарқынын арттырып жатыр

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі талдау және мониторинг негізінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер үдерістерін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі. Ол бойынша мемлекеттік органдар 469 іс-шараны қамтитын 26 кешенді жоспар бекітті.

Мысалы, Әділет министрлігі адвокаттар, нотариустар, сот сарапшылары мен жеке сот орындаушыларының лицензияларын қайта ресімдеуді проактивті форматқа ауыстырды. Бұрын бұл рәсім үш жұмыс күніне дейінгі уақытты алса, қазір – 20-ақ минут.

Қызмет алушыға деректердің өзгергенін растайтын құжаттарды қоса тіркеудің қажеті жоқ. Жүйе ақпаратты автоматты түрде тексереді, ал нәтижесі қызметкердің жеке кабинетіне оның қатысуынсыз келеді. Бұл тәсіл қызмет алуды едәуір жылдамдатуда.

Тағы бір тиімді мысал – жүргізуші куәлігін алудың жеңілдеуі. Бұрын автомектеп түлектері оқуды аяқтағаны туралы куәлікті қызмет берушіге өздері апаратын. Бұл мәселені шешу үшін Агенттік ұсынымдарына сәйкес, «Автомектеп» ақпараттық жүйесін кәсіби қауымдастықтардың дерекқорларымен интеграциялау іске асырылды. Осылайша жүйе автоматты түрде курс аяқталғаны туралы куәлік беретін болды. Нәтижесінде автомектепте оқығаны туралы ақпарат Ішкі істер министрлігінің жүйесіне автоматты түрде түседі де, түлектерге қағаз түріндегі анықтама қажет емес, ал қызметкерлер оларды қолмен тексермейді.

Жүргізуші куәлігін беру тездетіліп, алаяқтық пен жалған құжаттар жасаудың жолы кесілді. Жүргізуші куәлігі тек аккредитациядан өткен автомектеп түлектеріне ғана беріледі.

Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мен тиімділігін жетілдіру жұмыстарын ұдайы жалғастыратын болады.

Толығырақ Агенттіктің ютуб каналында