
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясының басшылығы мен қызметшілері, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиынды аша отырып, Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Республика күні – халқымызды ортақ мақсаттарға біріктіретін, биік мұраттарға бастайтын ерекше Ұлттық мереке екенін атап өтті.
«Қоғамдық санада Заң мен Тәртіп қағидатын берік орнықтыра отырып Әділетті Қазақстанды құру, сол арқылы елдің игілігін арттыруға үлес қосу алдағы басты міндетіміз. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде отанға адал, жауапкершілікпен, жанашырлықпен қызмет етсек Егемен еліміздің еңсесі биіктей берері сөзсіз», - деді Дархан Жазықбай.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Агенттік пен Мемлекеттік Басқару академиясының қызметшілері «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкерлеріне және қоғам өкілдеріне Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының алғыс хаттары мен грамоталары табысталды.
Іс-шара аясында Агенттіктің орталық аппараты, Астана қаласы бойынша аумақтық департаменті және Мемлекеттік басқару академиясы қызметшілерінің балалары арасында Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» атты балалар сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.