Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен MNU Академиялық адалдық мәселелерін талқылады

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен MNU Академиялық адалдық мәселелерін талқылады

Бүгін MNU университетінде Мемлекеттік қызметі істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Академиялық адалдық лигасы кеңесінің төрағасы Талғат Нәрікбаевпен кездесті.

 

Кездесу 2025–2026 жылдары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

 

Іс-шара барысында тараптар академиялық адалдық қағидаттарын нығайту және студенттер арасында адал еңбектің құндылығын дәріптеу, жасанды интеллект дәуірінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарындағы қабылдау, емтихан және оқу нәтижелерін бағалау процестерін жетілдіру, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалану арқылы академиялық адалдықты бақылаудың тиімді тәсілдерін әзірлеу мәселелерін талқылады.

 

Бұған дейін Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында Академиялық адалдық лигасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі арасында Меморандумға қол қойылған болатын.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қайта ұйымдастырылуына байланысты бұл бағыттағы жұмысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жалғастырады.

 

Бүгінгі таңда Академиялық адалдық лигасының құрамына еліміздің 21 жоғары оқу орны кіреді. Олар студенттер арасында адалдық қағидаттарын орнықтыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосып келеді. 

 

Қазіргі таңда 100-ден астам жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасына арнайы пәндер енгізілген. 

 

Сонымен қатар, құқық саласында 60-тан астам бағдарламада болашақ мамандар халықаралық стандарттар мен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат негіздері бойынша білім алуда. 

 

Магистратура деңгейінде де осы бағыт күшейтілген – 70-тен астам оқу орны 180-нен астамбағдарламасына арнайы пәндер енгізген. 

 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық адалдықты қамтамасыз ету, студенттердің сыни ойлау қабілетін дамыту және олардың білім сапасын әділ бағалауды көздейтін жаңа тәсілдерді енгізу бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты.