Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла мырза Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына келіп, профессор-оқытушы құрамы, докторанттары мен магистранттарына арнайы дәріс оқыды.
Кездесудің ашылуында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай қадірменді қонақты Мемлекеттік басқару академиясында арнайы қарсы алудың үлкен мәртебе екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Италияның екіжақты байланыстары – мемлекет басшылары орнықтырған өзара достық, құрмет және сенімді диалогты дамытуға бағытталып келе жатқанына назар аударды. «Бүгінде екі ел арасында білім беру саласында да сәтті ынтымақтастық орнағанын айта кеткен жөн. 2016 жылы Академия мен Италия Республикасының Боккони (Bocconi) университеті бірлесіп, қос диплом бағдарламасын жүзеге асырды. 2024 жылы Ұлттық мемлекеттік басқару мектебімен (SNA) меморандумға қол қойылды. Бұл ынтымақтастықтың келешектегі ерекше бағыты ретінде, мемлекеттік қызмет институттарын нығайту, жасанды интеллектіні тиімді қолдану және заманауи HR тәсілдерін енгізуде тәжірибе алмасуды атап өтуге болады» - деді Агенттік Төрағасы.
Өз сөзінде Серджо Маттарелла мырза заманауи мемлекеттік басқаруда адамға бағдарлану, цифрлық трансформация, мемлекеттік қызметшілерді тұрақты түрде кәсіби даярлау және жасанды интеллектіні қолданудың маңызды мәселелеріне тоқталды.
Мәртебелі қонақтың дәрісі ашық диалог және тиімді пікір алмасумен аяқталды.